Маңғыстауда биылғы үшінші үшем дүниеге келді
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстауда биыл үшінші рет үшем дүниеге келді. Олар бүгін үйіне шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Маңғыстауда биыл 6057 сәби дүниеге келген. Оның 114 –і егіз. Өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда, биыл үшем саны жоғары.
Үшемді Назым Тұрсынова жолдасымен бірге 9 жыл күткен. Алғашқы сәбиі болғандықтан уайымдағанын да жасырмады.
Балалардың біреуі - 1,500 гр, екіншісі - 1,400 гр, тағы біреуі - 850 гр болып дүниеге келген.
«Расында үшем босанамын деп ойлаған жоқпыз. Өйткені бұл - әулетімізде алғаш рет болып жатқан зор қуаныш. Көптен күткен сәт болғасын және тұла бойымды жарып шыққан тұңғышым болғандықтан қуанышымда шек жоқ. Сондай-ақ көмегін аямаған дәрігерлерге ризамын. Барша отбасына осындай қуаныш бұйырсын деген тілек білдіргім келеді», - деді Назым Тұрсынова.