Маңғыстауда браконьерлерден 120 келі бекіре тәркіленді
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Ақтау - Форт-Шевченко республикалық маңызы бар тасжолының бойында тоқтатылған «Lada 2112» көлігінен 120 келі бекіре балығы тәркіленді. Бұл туралы Маңғыстау облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Патрульдік полиция ротасының қызметкерлері 10 наурызда сағат 23:00 шамасында Ақтау - Форт-Шевченко республикалық маңызы бар тасжолының 29-шақырымында табиғатты қорғау полициясымен бірлесіп «Lada 2112» маркалы күдікті автокөлікті тоқтатты. Автокөлікті тексеру барысында жүксалғышта жалпы салмағы 124 келі болатын 33 дана заңсыз ауланған бекіре балығы табылып, тәркіленді», - делінген баспасөз мәліметінде.
Полицейлер 26 жастағы күдікті азаматты ұстады.
Бұл дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабы бойынша Түпқараған ауданы полиция бөлімінің сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіміне тіркелген.
Тәркіленген балық «Kazakh Osetr» кәсіпорнына тапсырылды.