Маңғыстауда екі көлік соқтығысып, ер адам қайтыс болды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақтау-Жетібай трассасының бойында екі көлік соқтығысып, екеуі де өртенді. Соның салдарынан ер азамат қайтыс болды, деп хабарлады Lada.kz.
Жол апаты 6 желтоқсан күні кешкі 20-00-дер шамасында Ақтау-Жетібай трассасының бойында болды.
Куәгерлердің сөзінше, жанармай бекетінен шыққан кроссовер қарсы жолаққа шығып кетіп, жүк көлігімен соқтығысты. Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткенше, екі көлік те түгел өртеніп кеткен.
Апат медицинасы орталығының Маңғыстау облысы бойынша филиалының мамандары таратқан мәліметтерге қарағанда, Renault Duster көлігінің жүргізушісі оқиға орнында қайтыс болған. Екінші көліктің жүргізушісі аман және ол медициналық көмекті қажет етпеді.
Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар қызметінің хабарлауынша, Ақтау-Жетібай трассасының бойындағы жол апатының мән жайын жол полициясының қызметкерлері анықтап жатыр.