Маңғыстауда ірі қара малдың саны 19,1 пайызға артқан
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Бүгін облыс әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен ауыл шаруашылығының дамуы жөнінде отырыс өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат өңір әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазіргі таңда қала және аудан әкімдіктерінің мәліметіне сәйкес, облыста мал шаруашылығымен айналысатын шамамен 1000 шаруа қожалығы бар. Маңғыстау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Қалдығұлдың айтуынша, оның ішінде: асыл тұқымды мал шаруашылығы бойынша 30 субъекті тіркелген. Қой шаруашылығында - 3 (қой - 10 481 бас), жылқы шаруашылығында - 17 (жылқы - 3091 бас), түйе шаруашылығында - 8 (түйе - 1709 бас) және сиыр шаруашылығында - 2 шаруашылық (сиыр - 312 бас) тіркелген. Жалпы алғанда облыс көлемінде асыл тұқымды мал басының саны 15 593 бас болып отыр.
Сондай-ақ, қазіргі таңда шөп шабу жұмыстарымен облыс бойынша 30 бригада айналысуда.
Статистикалық мәліметке сәйкес, осы жылдың 6 айында - ірі қара мал саны - 23 410 бас болып, 19,1% ға, қой-ешкі - 532 708 бас болып, 3,7% ға, жылқы - 92 954 бас болып, 11,5% ға, түйе - 69 966 бас болып, 11,8% ға, барлық мал саны - 719 038 басты құрап, 5,6% артып отыр.
«2017 жылы 1030 гектар жерге көкөніс-бақша дақылдары егіліп, одан 15 800 тонна өнім алынды. Ал биыл 1100 гектар жерге егін егіліп, 16 800 тонна көкөніс, бақша өнімдері алынады деп жоспарланған болатын, дегенмен жаңадан қосылған жылыжайлар есебінен бұл көрсеткішті 18 000 тоннаға дейін жеткізуді мақсат етіп отырмыз. Облыста 2016-2017 жылдар аралығында барлығы 20 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Қазіргі таңда соның 13-і жұмыс істеп тұр. 6 кооператив өз жұмысын тоқтатты», - дейді Маңғыстау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Қалдығұл.
Республика бойынша егін шаруашылығын цифрландыру тапсырмасының бірінші кезеңі - өңірдегі егістік алқаптарды цифрландыру бойынша жыл басынан бері облысымыздың картаға енгізілген аумақ - 1160,08 га құрады.
ҚР Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында 2017 жылы облысқа 474 млн теңге бөлініп, толықтай игерілген болатын. Нәтижесінде 130 адамға несие беріліп, шамамен 219 адам жұмыспен қамтылды.
Биылға бөлінген қаржы - 1 244 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда - 3 есеге көбейіп отыр. Осы қаражатты толық игерген жағдайда, шамамен 500 адамға несие беріліп, 750 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде.