Маңғыстауда із-түзсіз кеткен 2 адам іздестіріліп жатыр
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысында із-түзсіз кеткен екі жігіт іздестіріліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі МО ІІБ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іздеу жұмыстары қалалық ІІБ криминальды полиция бөлімімен жүргізілуде.
Жоғалғандардың бірі - Орынбасар Амантурлиев. Өзбекстан елінің тумасы. Ол 26 шілде күні қаладағы 26 шағын аудандағы жұмыс жасайтын орны облыстық ауруханадан шығып кетіп, үйіне келмеген.
Орынбасардың бойы 175-180 см, қара шашты, арықтау келген. 26 шілде күні үстіне ақ түсті футболка, джинсы шалбар және тапочка киген. Қолында қоңыр түсті сөмкесі болған.
Ал, екінші із-түзсіз кеткен - Еламан Борашев. Жоғалғанына 2 айдай уақыт болған. ІІБ мәліметінше, 28 шағын аудандағы үйінен 7 маусым күні шығып кетіп, қайтып оралмаған.
Еламанның бойы 170-175 см. Арық денелі, қара шашты. Сол күні үстінде сұры түсті футболка, көк джинсы киген.
ІІД жоғалған адамдарды көрген-білгендеріңіз болса 8 7292 47-48-27, 47-48-25, 47-48-02, 8-778-666-27-72 немесе 102 нөмірлеріне хабарласуын сұрайды.