Маңғыстауда кеме жасау зауытын ашу қажет пе

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстауда «Зенит» зауытының филиалын ашу жоғары маңызға ие. Бұл туралы ҚР Сенатының депутаты Талғат Мұсабаев Парламенттің жоғары палатасының халықаралық қатынастар және қорғаныс қауіпсіздігі мәселелері бойынша өткен көшпелі отырысында айтты.

Маңғыстауда кеме жасау зауытын ашу қажет пе

«Зенит» зауытын Маңғыстауда іске қосу еліміз үшін экономикалық тұрғыда жоғары маңызға ие. Әзірге, мұндай зауыт Оралда бар, бұған дейін кеме, катерлер мен қайықтарды құрастырып, қажетті жұмыстарды сол зауыт атқарып келді. Бірақ, өздеріңіз білетіндей, Жайық өзенінің жағажай аумағы кішірейіп барады. Біз мұнда Ақтау, Құрық порттарын кеңейту жұмыстарын жүргізіп отырмыз, сол себепті осы аймақта  кеме жасап шығаратын зауыт ашу оңтайлы шешім болмақ. Өйткені кеме жасау - отандық экономикадағы жаңа сала, оның шығаратын өніміне нарықта сұраныс бар», - дейді Талғат Мұсабаев.

Айта кетейік, өткен аптада бір топ сенаторлар Маңғыстау облысына іссапармен келген еді. Осы сапар аясындағы кездесуде «Зенит» кеме салу зауытының филиалын ашуды ҚР ҰҚҚ шекара қызметінің жетекшісі Дархан Дильманов ұсынған болатын.

Оның айтуынша, қажеттілік Оралдан сатып алынатын кемелердің тасымалдау кезіндегі үлкен қатердің себебінен туындап отыр.

«Қазіргі таңда шекара катерлері мен кемелерінің негізгі орналасқан жері - Баутино және Ақтау порттары. Каспийдің оңтүстік шекарасы мен Ақтау портының арасындағы қашықтық 222 шақырым. Бұл 10-нан 12 сағатқа дейінгі уақытты алады. 2020 жылдың аяғына дейін кемелерді жағалау маңына қоятын, әсіресе қысқы кезде оңтүстік жаққа орналасатын екі пунктті аламыз деп отырмыз. Өйткені орналасу орнынан «Зенит» зауытына кемелер мен катерлерді ауыстыру ұзақ уақыт алады және тасымалдау барысында қауіпті. Біздер көктем мен күзде су деңгейі көтерілген кездің өзінде тасымалдағанымызбен, статистика бойынша жыл сайын су деңгейі төмендеп барады. Сол себепті «Зениттің» Ақтауда филиалын ашу мәселесін көтеру қажет», - деді отырыс барысында Дархан Дильманов.

Шекара қызметі жетекшісінің ойынша, Ақтаудан  кеме құрастыру зауытының филиалы ашылса, Каспийдегі кемелер мен катерлердің жөндеу жұмыстарын жедел әрі қауіпсіз орындауға болады.

Ал «Зенит» зауытының директоры Вячеслав Валиевтің сөзінше, зауыт бүгінде 50 пайызға ғана жұмыс істеп тұр. Сол себепті ол зауыттың филиалын ашу негізсіз деп есептейді.

«1993 жылдан бері ҚР Қорғаныс министрлігіне біз 22 катер жасап шығардық. Қазіргі таңда зауыт 50 пайызға ғана жұмыс жасап тұр. Сол себепті оның филиалын ашу негізсіз деп ойлаймын. Біздің 600-700 тонналық корабльдер мен катерлер сала алатын мүмкіндігіміз бар. Баутинода біздің филиалымыз бар деп есептеуге болады, себебі ол жерде қызметкерлеріміз кемелерді жөндеу жұмыстарын жүргізеді, қызмет көрсететін адамдарымыз бар. Егер біздің қолымызда 40 корабль салуға жоспар тұрса, біз филиал ашар едік. Бірақ ҚР Қорғаныс министрлігі тарапынан бүгінгі таңда бір де бір тапсырыс жоқ», - деді ол.

Ал, Ақтаудан мұнай тасымалдап отырған «Қазмортрансфлот» компаниясының бас директорының кеңесшісі Қуаныш Есетов, оралдық зауыттың филиалы ашылса, компаниялар тарапынан сұраныс болады деп есептейді. Ол бұл облыстағы кеме жөндейтін компанияларға бәсекелес болады деп үміттенеді.

«Ақтауда «Зенит» зауыты филиалының ашылуы немесе құрылуы, біріншіден, жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етеді және кеме салатын кадрларды дайындау өседі. Бізде теңізшілер болғанымен, кеме жасау мен жөндеу мамандары көбейеді... Егер «Зенит» кеңейетін болса, біз оны тек қолдаймыз. Кез келген кеме 5 жылда жөндеу жұмыстарынан өтеді. Біздің де танкерлеріміз, кемелеріміз жөндеуден өтеді. Сондықтан сұраныс болады деп ойлаймын», - дейді Қуаныш Есетов.

Десе де, оралдық зауыттың ұсынатын қызметі сұранысқа ие болмай қалуы да мүмкін. Бұл тауар тасымалдаумен айналысатын компаниялардың тапсырысына тікелей байланысты.

«Ақтау теңіз портында жүк тасымалдау көлемі азайып кетуі проблема болып тұр. Қазіргі таңда порттан мұнай тасымалдау едәуір қысқарды. Бұрындары біздің алты танкеріміз де сол порттан мұнай тасымалдайтын болса, қазір бір танкер ғана жұмыс істеп тұр. Егер мұнайды тасымалдау өссе, жаңа кемелерге сұраныс болар еді. Кемелер босқа тұратын болса, оған сұраныс болмайтыны анық», - деді  кеңесші.

Қалай болғанда да, «Зенит» зауытын Ақтауға көшіру немесе жаңа филиалын ашу мәселесі Сенат депутаттарының Маңғыстауға сапары барысында қызу талқыға түсті. Алдағы уақытта бұл мәселе бойынша пікірталас әлі жалғасары анық. Өйткені, мемлекет үшін Каспий теңізіндегі қорғаныс күштерін көбейтіп, жаңа заман көліктерін игеру уақыт талабы болып отыр.

Фото:rostov.press

Рысгүл Рамазанова