Маңғыстауда кен орнынан шыққан өрт ауа сапасын айтарлықтай бұзған
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстауда Қаратұрын кен орнындағы өрт бойынша алдын ала болжау-зерттеу қорытындысы шықты. Зертханалық талдама метан концентрациясының нормадан 40-50 есе ауытқығанын анықтады,деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бозашы мұнай» серіктестігіне қарасты Қаратұрын кен орнында 9 маусымда басталған өрт әлі сөнген жоқ. Жалынды сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Облыстық экология департаменті мамандары қазіргі уақытта апатқа қатысты талдама жұмысын жүргізген.
Оның нәтижесі бойынша өрттен қоршаған ортаға зиян келгені анықталған.
«Ауадағы ластаушы заттардың құрамында едәуір ауытқулардың бар екені анықталды. Сонымен қатар жер ресурстарының бүліну факторлары орын алып жатыр. Алдын ала зертханалық талдама метан концентрациясының нормадан 40-50 есе ауытқығанын айқындап отыр», - деді Маңғыстау облыстық экология департаментінің басшысы Руслан Төкенов.
Толық зерттеу өрт сөнгеннен кейін жүргізілмек.
Содан кейін қоршаған ортаға келтірілген залалдың көлемі, сондай-ақ болған оқиға үшін кім жауап беретіні анықталады.
Естеріңізге сала кетейік, өрт «Оңтүстік Қаратұрын» мұнай-газ кен орнында 9 маусым түнгі сағат 03.25-те ұңғыманы бұрғылау жұмыстары кезінде ұңғымадағы бұрғылау құралы көтеріліп кетіп, жер астынан газ-су қоспасы атқылауы себебінен тұтанған.
Бір адам зардап шекті.
13 маусым сағат 08:30-дағы жағдай бойынша кратерге 302 текше метр ерітінді төгілді.
От әлі жалындап жатыр.