Маңғыстауда кейінгі екі жылда қызылша ауруы тіркелмеді

АҚТАУ. ҚазАқпарат – Маңғыстау облысында 2021 жылдан бері қызылша ауруы тіркелмеген. Қазіргі таңда өңірде эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Бұл туралы өңірлік санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Гүлнар Көркінбаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Маңғыстауда кейінгі екі жылда қызылша ауруы тіркелмеді

Бүгінде еліміздің басқа аймақтарында індет өршуіне байланысты, өңірде қызылша ауруының алдын алу бойынша іс-шаралар белсенді жүргізіліп жатыр.

«Жұқпалы дерттен қорғанудың ең тиімді тәсілі – екпе. Сол арқылы ғана сырттан келген індеттен сақтана аламыз. Қазір облыста 8 420 доза екпе бар. Алдағы уақытта тағы әкелінеді деп жоспарланып отыр. Біз жыл басынан бері 1 жастан 17 жасқа дейінгі адамдардың екпесіне ревизия жүргіздік. Нәтижесінде 16 513 адамның вакцина алмағандығы анықталды», - деді Гүлнар Көркінбаева қоғамдық коммуникациялар орталығында өткен брифингіде.

Айта кетсек, Маңғыстау облысы аймағында соңғы рет 2020 жылы қызылшамен 361 адам ауырса, 2019 жылы 1 422 жағдай анықталған.