19:32, 21 Сәуір 2023 | GMT +5
Маңғыстауда қоқиқаздардың неден қырылғаны белгілі болды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті Маңғыстаудағы қоқиқаз өлімі бойынша мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетейік, 19 сәуір күні Маңғыстау облысы Бейнеу ауданы Сам ауылында қоқиқаздардың өліміне қатысты ақпарат тараған.
Оқиға орнына аудандық ветеренария станция қызметкері, Сам ауылының әкімі, Сам орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің директорының орынбасары барды.
Аталған аумақтан 4 қоқиқаздың өлексесі табылды.
Айта кету керек, Бейнеу ауданының аумағы құстардың маусымдық миграция жолына кіреді.
«Соңғы уақытта аудан аумағында ауа райының қолайсыз жағдайы тіркелген – жел жылдамдығы 15-20 м/с жетіп, шаңды дауыл соқты. Алдын ала болжам бойынша, құстар жоғары кернеулі электр сымдарына соғылып, бұл олардың өліміне әкелген болуы мүмкін» деп хабарлады комитеттің баспасөз қызметі.
Құстардың өлексесін ветеринария мамандары Бейнеу аудандық ветеринарлық лабораторияға тексеруге алды.