Маңғыстауда көктемгі су тасқынына қарсы шаралар пысықталды
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ақтау қаласының жаңбыр суы жиналатын 12 учаскесіне дренаждық жүйе құрылысын салуға жергілікті бюджеттен 45 млн теңге бөлінген. Қазір 10 учаскенің құрылыс жұмыстары аяқталды. Бұл туралы облыстық ТЖД басшысы Қуанар Базарбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Көктемгі су тасқынының алдын алу үшін өңірде арнайы шаралар жүзеге асырылып жатыр. Биыл төтеншеліктер 308 техника, 42 су сорғыш көлігін алған. Сондай-ақ, 10 қайық та бар. Сонымен қатар, жеке құрамның 575 қызметкері мен 112 техника да сақадай сай.
«Су басу қатерлерінің алдын алу және оларды жою жөніндегі 2017-2020 жылдарға арналған іс-шаралар кешені» жол картасына Жаңаөзен қаласы мен Мұнайлы ауданының дренаждық жүйелері құрылысын салуға 2 жоба енгізілді», - дейді облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Қуанар Базарбаев.
Қазіргі таңда Мұнайлы ауданының кейбір көшелері жаңбыр жауған соң су басып кетеді. Тұрғындар осы мәселеге қатысты көп шағымданады. Айта кетерлігі, былтыр мұнда арықтар қазылған болатын. Қазір сол кәдеге жарап тұр. Ал алдағы уақытта ауданда дренаж жүйесін салу қолға алынбақ.
«Атамекен және Басқұдық ауылдарында дренаж жүйесін салу үшін жобалық-сметалық құжаттар жасалды. Екі жобаның сомасы 1,43 млрд құрайды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қалешұлы (Аманғалиев - авт.)Астанаға қажетті құжаттарды жіберді», - дейді Мұнайлы ауданының әкімі Нұрлан Тәжібаев.