18:25, 16 Сәуір 2022 | GMT +5
Маңғыстауда құтқарушылар наурыздан бері ұшты-күйлі жоғалған қызды тікұшақпен іздеді
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысында наурызда жоғалған адамды тікұшақпен іздеп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 15 сәуір күні департаменттің жедел тобы «Қазавиақұтқарудың» МИ-8 тікұшағымен іздеу жұмысына аттанған.
Топ құрамында ТЖД бастығының орынбасары, подполковник Б. К. Әбдіқадыров, құтқарушылар мен дәрігер болды.
Олар 29 наурыз сағат 11.00-де Бейнеу ауданындағы үйінен шығып кетіп, содан бері оралмаған 1996 жылы туған азаматшаны іздеуге жұмылды.
Сағат 11.40-та Бейнеу ауылында жедел топқа тағы 5 адам қосылды. Оның ішінде Бейнеу әкімдігінің мамандары мен жоғалған қыздың туысы бар еді.
Тікұшақ Бейнеу ауылының солтүстік және солтүстік-шығыс бөлігінде 50 шақырым радиуста төмен биіктікте ұшты.
Ойпаттарға, шатқалдар мен жартастарға ерекше назар аударылды.
Дегенмен іздеу жұмысы нәтиже берген жоқ.