Маңғыстауда қысқартуға ұшыраған мұнайшылар наразылық білдірді

None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстауда Total E&P Dunga GmbH компаниясының қызметкерлері әлеуметтік желіде Мемлекет басшысы мен Маңғыстау облысы әкіміне, Бас прокурорға жүгініп, үндеу жариялады. Олар компанияда 11 адамның қысқартуға ұшырағанына наразы. Осыған орай компания мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Олар заңсыз жұмыстан шығаруға наразылық білдірген, сондай-ақ жаңа жұмыс орнын таба ала ма, жоқ па - соған алаңдаушылығын айтқан.

Ал компания жұмыстан босату еңбек заңнамасына сай жүргізіліп жатқанын хабарлайды, яғни 11 қызметкерге қысқарту себебі туралы түсініктеме беріліп, хабарлама тапсырылған.

«Компаниядағы жағдай мен олардың көпжылдық еңбек тәжірибесін ескере отырып, қызметкерлерге балама ретінде 4 айлық жалақы мөлшерінде өтемақы төлей отырып, тараптардың екіжақты келісімі бойынша еңбек шартын бұзу ұсынылған. Сонымен қатар, компания қысқартылған қызметкерлерге жалақыны сақтай отырып, сервистік аутсорсингтік компанияға жұмысқа орналастыруды, жалақыға 5% үстемеақыны және тоқтату күні бойынша сыйлықақы төлеуді ұсынды. Қазіргі уақытта 5 қызметкер ұсыныспен келісіп, жақын арада жаңа компанияда жұмысқа кіріседі. Басқа жұмысшыларға шешім қабылдауға қосымша уақыт берілген» дейді компания.

Қызметкерлердің өтінішімен 11 тамызда бұл жағдай облыс әкімінің орынбасары Қ.Құлжановтың төрағалығымен өткен әлеуметтік әріптестік және еңбек жанжалдарының алдын алу жөніндегі облыстық үшжақты комиссияның отырысында қаралып, оған қызметкерлер мен компания, кәсіподақ өкілдері де қатысқан.

Маңғыстау облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы жүргізіліп жатқан қысқарту процесінде еңбек заңнамасы талаптарының сақталуына тексеру жүргізуді жоспарлаған, оның нәтижесі бойынша тиісті қорытынды берілмек.

Комиссия отырысында қызметкерлер тарапынан алдағы уақытта ұсынылып отырған компанияда жұмысқа орналастырумен қамтамасыз етуге қатысты алаңдаушылық білдірген.

Оған компания басшылығы сервистік компаниядағы жұмыстың тұрақтылығы және қызметкерлердің жалақысы сақталатыны жөнінде куәлік берген.

Сонымен бірге Total E&P Dunga GmbH компаниясы жұмыс сапасын арттыру мақсатында оңтайландыру шарасын өткізіп, ұжымда тұрақтылықты сақтау жөнінде барлық қажетті шараларды қабылдайтынын жеткізіп отыр.

Соңғы жаңалықтар