Маңғыстауда қыз-келіншектер қарудан оқ атып жарысты

МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ. ҚазАқпарат - Ақтауда Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында ерекше жарыс өтті. Маңғыстау облысының ішкі істер органдарында қызмет ететін қыз-келіншектер арасында «Мерген қыздар» атты сайыс ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Маңғыстауда қыз-келіншектер қарудан оқ атып жарысты

Бәсекеге барлығы 26 бұрымды полицей қатысты. Олар «Макаров» тапаншасынан оқ атып, шеберліктерін сынға салды.



Маңғыстау облыстық ІІД арнайы даярлық басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ермахан Аққозиевтің айтуынша, жарыстар екі дисциплина бойынша өтті - статикалық және тактикалық. Статикалық  кезеңде мергендер нысанаға дөп тигізуі тиіс болса, тактикада - жылдамдыққа мән берілді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, ату даярлығы сабағында көрсетілген жаттығуларды  әйел қызметкерлер тез меңгеріп алады екен. Өйткені олардың саусақтары басу шүріппесіне  өте икемді. Сондай мергендігімен көзге түскен қатысушының бірі - ІІД Штаб басқармасының бөлімше бастығы,  полиция майоры Ақмарал Көкенова. Құқық қорғау органында 14 жыл жұмыс істеген ол, мұндай сайысқа бірінші рет қатысқан.



«Біздер үшін, қыздар үшін бұл керемет сайыс болып отыр. Ішкі істер органында қызмет атқаратын болғандықтан біздер қандай тәуекелге де дайын болуымыз керек. Қолымызға қаруды бірінші рет ұстап тұрғанымыз жоқ. Біз үшін үйреншікті жағдай. Мерген қыз атануға әрқайсысымыз тырысудамыз», - дейді Ақмарал Көкенова.

Сайыс қорытындысында ІІД Штаб инспекторы Наталья Евстегнеева, ІІД Жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың инспектор-психологы Әйгерім Ибатулаева, Жаңаөзен қалалық ІІБ Ювиналды полиция тобының инспекторы Искра Асалова,  ІІД Жедел криминалистика басқармасының инспекторы Балжан Кубегенова жеңіске жетіп, кубоктармен марапатталды.