Маңғыстауда қызылшамен ауырған 36 науқас тіркелді
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысында қызылша ауруына күдікті 48 жағдай тіркеліп, науқастардан алынған қан сынамаларын зертханалық талдау нәтижесінде 36 адамда анықталған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қызылша – ауа тамшылары арқылы жұғатын вирусты жұқпалы ауру. Ауру дене қызуының көтерілуімен, 2-4-ші күндері теріге ақшыл қызыл түсті бөртпелердің шығуымен, жоғарғы тыныс жолдарының, ауыз-жұтқыншақ қуысының және көздің шырышты қабықшаларының қабынуымен басталады. Қызылшаны науқаспен қарым-қатынаста болған қызылша ауруына қарсы екпе алмаған адамдар жұқтыруы мүмкін», - дейді Маңғыстау облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Бердібек Саралтаев.
Облыста қызылша ауруы 2015 жылы (292 жағдай), 2019 жылы (1 422 жағдай) және 2020 жылы (361 жағдай) өршіген. Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Лаззат Есенғалиеваның айтуынша, қызылша ауруынан қорғанудың ең тиімді әдісі – вакцинация.
«Қызылша ауруы асқынса, салдары ауыр. Науқас есту, көру қабілетінен айырылып қалуы, энцефалит, ауыр диарея, құлақ инфекциясы, пневмония, жүрек ақауы секілді ауруларға шалдығуы мүмкін», - деді Лаззат Есенғалиева.
Айта кетейік, қазір облыста 16 396 доза қызылшаға қарсы екпе бар. Тұрғындар қосымша ақпаратты тіркелген ауруханаларына барып біле алады.