Маңғыстауда мұнаймен ластанған 500-ге жуық орын анықталған

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өңірде ғарыштық түсірілімдер негізінде Жаңаөзен қаласының солтүстігіндегі екі ірі мұнай компаниясы аумағында мұнай қалдықтарымен ластанған 471 жер учаскесі анықталған, деп хабарлайды Қазақпарат.

Маңғыстауда мұнаймен ластанған 500-ге жуық орын анықталған

Бұл туралы облыс әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен облыстың ведомствоаралық үйлестіру кеңесінің отырысында МО Жер қатынастар басқармасының басшысы Есемұрат Дүзмағамбетов айтты.

Мұнай қалдықтарымен ластанған аумақ 165,7 гектар жерді құрайды.  «Өзенмұнайгаз» АҚ мен «Алмэкс плюс» ЖШС-нің аумағында орналасқан. Енді аталған компаниялар ластанған аймақты қалпына келтіру жұмысын өз мойнына алған.

 Сонымен қатар, облыста тіркелген 96 пайыз жер қойнауын пайдаланушының учаскесінде келісім-шарттан тыс пайдаланылған аймақтар анықталған.

«Облыс бойынша 2018 жылдың 1 наурызындағы жағдайы бойынша барлауға және өндіруге арналған 243 жер қойнауын пайдалану келісімшарттары тіркелген. «Қазақстан Ғарыш Сапары» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының деректеріне сәйкес, мониторинг қорытындысымен 62 елді мекенде жер-кадастр базасына енбеген 5000-ға жуық құрылыс нысандары жөнінде мәліметтер көрсетілген»,-деді отырыста МО Жер қатынастар басқармасының басшысы Есемұрат Дүзмағамбетов.

Жиында қоршаған ортаны қорғау, аумақтың экологиялық жағдайын жақсарту, оның ішінде Химико-гидрометаллургиялық зауыттың мәселелері, тұрғындарды дене шынықтыруға, спортқа баулу және спорт ғимараттарымен қамтамасыз ету және осыған байланысты қалалар мен аудандардың инфрақұрылымын дамыту мен жоспарлауды жақсарту  сынды бірқатар мәселер қаралды.

 «Негізгі мақсат - қоғамдық денсаулық сақтау мәселелері бойынша мүдделі тараптардың күш-жігерлерін біріктіру. Соңғы жылдары Қазақстанда созылмалы (хронический) инфекциялық емес ауруларды диагностикалауға және емдеуге шығындардың өскені байқалады.  Бұл мемлекеттің денсаулық сақтауға бағытталған барлық шығындарының 95-96 пайызын құрайды, ал профилактикаға 3 пайыз ғана жұмсалады. Осыған байланысты, күнделікті салауатты өмір салтын ұстану және қалыптастыру мақсатында әр қазақстандық үшін өмірдің сапасы мен ұзақ өмір сүрудің кепілі болатын тиімді шаралардың қабылдануы қажет. Одан әрі осы шаралардың сапалы орындалуына қажетті қаражаттардың бөлінуі тиіс», - деді Ералы Тоғжанов.

Сондай-ақ, жиында облыстың экологиялық жағдайы талқыланды. Ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша экология департаменті тарапынан  табиғат пайдаланушылар іс-шаруашылығына 8 тексеру жүргізіліп, 58 экологиялық заң талаптарының бұзылу фактісі анықталған.

«Нәтижесінде, кінәлі тұлғаларға жалпы сомасы 44 122 584 теңгені құрайтын 55 әкімшілік істер қозғалды. Бүгінгі таңда, салынған айыппұлдардың 4 140 490 теңгесі мемлекет пайдасына өндірілді, қалған 39 982 094 теңгесі  орындалуда (төлеу мерзімі шықпаған).Сонымен қатар, экологиялық заңнама талаптарын бұзу салдарынан қоршаған ортаға келтірілген залалды өтеу мақсатында Департамент тарапынан ағымдағы жылы жалпы сомасы 44 224 670 теңгені құрайтын  4 нұсқама берілді», - деді Маңғыстау облыстық экология департаментінің басшысының міндетін атқарушы Руслан Тукенов.