21:17, 05 Сәуір 2023 | GMT +5
Маңғыстауда мыңға жуық шетел азаматы көші-қон заңнамасын бұзған
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Маңғыстау облысында жыл басынан бері 1 250 адам көші-қон заңнамасын бұзған. Оның 935-і шетелдік болса, 318-і – қазақстандық, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Көші-қон заңнамасын бұзғандарға 5 миллион 526 мың теңге айыппұл салынған. Сондай-ақ, 20-ға жуық жұмыс беруші жауапкершілікке тартылып, 157 шетел азаматы ел аумағынан шығарылған.
«Жыл басынан бері ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 517-бабы бойынша, яғни шетелдіктердің ел аумағында болу ережелерін бұзғаны үшін 926 шетелдік жауапқа тартылды. Ал, 518-бабы – шетелдiктерді және азаматтығы жоқ адамдарды қабылдайтын жеке немесе заңды тұлғалардың көші-қон заңнамасын бұзуы бойынша 300 адам жауапкершілік арқалады», - деді Маңғыстау облыстық көші-қон полициясы басқармасының аға инспекторы Асылбек Оразғалиев.