22:51, 09 Шілде 2017 | GMT +5
Маңғыстауда Нұрсұлтан Назарбаев есімді 14 адам бар
АСТАНА. ҚазАқпарат - Тұңғыш Президенттің аты оқу орындары, саябақтар мен әуежай сияқты маңызды нысанға қойылған. Ал, баласының есімін Елбасымен байланыстырғандар тіпті көп. Ұлы тұлғаға ұқсасын, - деген ырыммен талай ата-ана Нұрсұлтан есімін балаларына қойып келеді. Маңғыстауда осы атты арқалаған жас көп. Бұл туралы "Қазақстан-Ақтау" хабарлайды.

Кішкентай Нұрсұлтан Назарбаев бізге тік тұрып, оң қолын жүрек тұсына қойып, гимнді шырқап берді. Әжесі мен атасының тұңғыш немересі 2010-шы жылы дүниеге келген. Үйдің үлкендері ақылдаса келе, ел дамуына тірек болсын деген ниетпен есімін Нұрсұлтан қойыпты. Бүгінде 7 жастағы жеткіншектің алға қойған арманы асқақ.
«Полиция болғым келеді, Президент сияқты ақылды болғым келеді. Боксшы, футболшы, солдат болғым келеді», - дейді 7 жасар Нұрсұлтан Назарбаев.
Мұнайлы ауданында да тағы бір Нұрсұлтан Назарбаев тұрады. Ол - жеке кәсіпкер, 24 жаста. Ол, осыдан 1 жыл бұрын жиһаз цехын ашқан. Қазір 15 адамды жұмыспен қамтып отыр. Осыдан 4 жыл бұрын отбасын құрып, бүгінде 1 қыздың әкесі атанды.
Жалпы облыста Нұрсұлтан Назарбаев есімі қойылған 14 адам бар.