Маңғыстауда онкологиямен ауыратын науқастардың саны артты
«Өңірде жыл басынан бері онкологиялық аурулармен 491 науқас тіркелген. Науқас саны өткен жылмен салыстырғанда 11,4 пайызға өсті. Олардың 263-інің ауруы I, II сатысында анықталды. Былтыр 228-і науқасты анықтай алған едік. Дегенмен, IV сатысында анықталған науқастар саны азайып отыр. Бұл дегеніміз – қазіргі күні ауру ерте анықталады, яғни адамдар ерте қаралады», - деді облыстық онкологиялық диспансерінің басшысы Нұрлан Жариев өңірлік коммуникациялар орталығында өткен брифингіде.
Облыста онкологиялық ауру бойынша өлім-жітім төмендеген. Мәселен, биыл 150 адам қайтыс болса, былтыр 190 адам осы сырқаттан көз жұмған. Бес жылдан аса өмір сүретін науқастардың өсу динамикасы жыл сайын 5-6% болып отыр. Бұл – ел бойынша үздік көрсеткіштердің бірі болып есептеледі.
«Облыстағы онкодиспансер ғимаратының құрылысы аяқталды. Қазіргі таңда мекемеде 40-тан астам дәрігер қызмет атқарады. 23 маман еліміздің әр өңірінен шақыртумен келіп жұмыс жасап жатыр. Олардың екеуі – медицина ғылымдарының докторы болса, төртеуі – медицина ғылымдарының кандитаты. Сондай-ақ, 11 дәрігер резидентурада оқып, білімдерін шыңдап жатыр», - деді Нұрлан Жариев.
Жалпы, жыл басынан бері 16 525 адам сүт безі және 19 548 адам жатыр мойны обыры бойынша скринингтік тексеруден өткен. Радиологиялық бөлімде 173 пациент емделіп, 169 науқасқа ота жасалған.