Маңғыстауда Республика күніне орай 50-ге жуық шара өтеді
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысында Республика күніне орай 50-ге жуық шара өтеді. Атап айтқанда, көрме, жәрмеңке, мерекелік концерт, спорттық шара, байқау, қайырымдылық-экологиялық акциялар мен патриоттық іс-шараларды өткізу жоспарланған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қала, аудандарда әр салада еңбек сіңірген қызметкерлерді, еңбек ардагерлерін марапаттай отырып, салтанатты жиындар өтеді. Республика күніне орай тұрғындарды ақпараттандыру мақсатында 51 мерекелік баннер, билборд және басқа да сыртқы көрнекілік құралдар орналастырылды» - деді Маңғыстау облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұртас Сали.
Маңғыстау облысы бойынша «Қыран елім – Қазақстаным!» патриоттық жалпыұлттық акциясы ұйымдастырылып жатыр. Акция аясында әлеуметтік желі қолданушылары ерекше бейнеқұттықтауларды және патриоттық шығармаларды жатқа оқып, Instagram желісінде 25 қазанға дейін #Маңғыстау #Республикакүні хештегімен жолдай алады. Сондай-ақ 20 қазан күні сағат 15:00 де «Достық» үйінде «Жырлансын ел бірлігі» республикалық жыршылар фестивалі өтеді. Фестивальға еліміздің 5 жыр мектебінен яғни Маңғыстау, Сыр бойы, Батыс Қазақстан, Жетісу, Арқа жыраулық мектебінен барлығы 15 жыршы қатысады.
Ал 25 қазан теңіз жағалауында Әмин Тұяқовтың 85 жылдығына арналған марафон ұйымдастырылып, марафон соңы Маңғыстау өнер жұлдыздарының концертіне ұласады.
Сонымен бірге, волонтерлік және ерікті ұйымдар арқылы азаматтардың әлеуметтік осал топтарын қолдау үшін «Жанашыр жүрек» халықтық акциясы ұйымдастырылып жатыр. Қайырымдылық идеясын жергілікті бизнес-қоғамдастықтар, демеушілер, меценаттар азық-түлік сатып алып оны үлестіріп және тазалық жұмыстарын жүргізу арқылы жүзеге асырады.
«Ә. Кекілбаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің тарих залының ашылуы, Отпан тарихи-мәдени кешенінде «Егемен елдің ертеңі – ерен ердей еңселі!» республика күні мен кешеннің ашылған күніне орай мерекелік шара, фотокөрме, Н. Жантөрин атындағы облыстық музыкалық-драма театрында Т. Досымов «Биіктік» спектаклі, Облыстық филармонияда «Елім менің» атты мерекелік концерті сияқты шаралар өтпек», - деді Маңғыстау облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары деді Гүлзайда Төлеуғалиева.