Маңғыстауда «Рухқа - ұран, ұлтқа - қорған» атты ақындар айтысы өтті

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Ақтау қаласында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Тұңғыш Президент күніне арналған «Рухқа - ұран, ұлтқа - қорған» атты ақындар айтысы өтті, - деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Маңғыстауда «Рухқа - ұран, ұлтқа - қорған» атты ақындар айтысы өтті

Маңғыстау облысы әкімдігінің бастамасымен ұйымдастырылған сайыстың мақсаты - айтыс өнерінің дамуына мемлекеттік деңгейде қолдау көрсету, еліміздің тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген табыстары мен құндылықтарын, өңірде жүзеге асырылып жатқан жасампаз жобаларды дәріптеу, Маңғыстау айтыс мектебінің шығармашылық әлеуетін насихаттау.
null 

«Абыл мен Нұрым, Қашаған мен Сәттіғұлдай сөз зергерлерін тудырған Маңғыстау топырағында, көнеден жеткен бекзат өнер, суырыпсалмалық-импровизаторлық шығармашылықтың биік шыңы - айтыс қайта жаңғырды. Айтыс - бет жыртысып, жауаптасу емес, саясаттан ада, ордалы ойы, сұңғыла сөзімен тыңдарманның көңіл түкпіріне ой салып, замана сазын толғап, елдікке, ынтымаққа үндеу! Халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлының сөзімен айтар болсақ: «Биік талғамды тек салиқалы өнер, салауатты суреткер ғана өсіреді. Биік талғамсыз биік парасат жоқ. Ал биік парасат үлкен жауапкершілік. Бүгінгі үлкен өзгерістер онсыз жүзеге аса алмайды. Рухани бедерсіздік саяси тәуелсіздікті де тәрк етеді». Себебі, сана өзгермей, сапа өзгермейді. Сондықтан ақындарымыз «Рухани жаңғыру» ұғымын тереңнен талдап, осы ұғым аясындағы отансүйгіштік, Тәуелсіз еліміздің жетістіктерін жан-жақты жырлай білулері керек. Сөз қадірі төмендемей, бүгінгі айтыстың дүбірі дүниені шарласын, тыңдаушының құлақ құрышын қандырсын! Мерекеміз құтты болсын!»,- деді айтыс барысында ақындарға ақ жол тілеген Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.

Жыр бәйгесіне республикаға танымал 18 ақын қатысып, бақ сынады.

Айтыс қорытындысында бас жүлдені (әрқайсысы 3 млн теңгеден) маңғыстаулық Мэлс Қосымбаев пен павлодарлық Аспанбек Шұғатаев жеңіп алды. Қызылордалық Мұхтар Ниязов бірінші (2 млн теңге), семейлік Әсем Ережеқызы мен батысқазақстандық Жансая Мусина екінші (1 млн теңгеден), Рүстем Қайыртайұлы (Алматы), Абай Жолмағамбетов (Маңғыстау), Шалқарбай Ізбасаров (Атырау) және Ершат Қайболдин (Ақтөбе) үшінші орынға (400 мың теңгеден) ие болды.
null 

«Бұл жолы ақындар сахнада жеребе суырып, айтысты. Соған қарамастан, деңгейі жоғары болды. Яғни ешкім жұрт ойлайтындай, алдын ала дайындалмай, суырыпсалмалықтың үлгісін көрсетті», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне Әсем Ережеқызы.

Шара аясында сондай-ақ «Елбасы және рухы жаңғырған Маңғыстау» деп аталатын фотокөрме өтті. Көрмеге 100-ге жуық суреттер қойылған. Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов арнайы барып, Елбасының өңіріміздегі сапары барысындағы суреттер мен аймақта өткен тарихи шаралардың көрінісін тамашалады.