Маңғыстауда соғыс ардагерлеріне 1 млн теңгеден беріледі
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Маңғыстау облысында Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне 1 млн теңгеден беріледі. Бұл туралы облыстық қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Шыңғыс Дүйсенов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Шыңғыс Дүйсеновтің айтуынша, әлемді жайлаған індетке орай енгізілген карантиндік шаралар аясында, Ұлы Жеңістің 75 жылдығын мерекелеуді әдеттен тыс жағдайда өткізу жоспарлануда. Дегенмен ардагерлерді әлеуметтік жағынан қолдау үрдісі жалғасын таппақ. Бүгінгі таңда өңірде барлығы 1946 ардагер бар. Оларға төмендегідей әлеуметтік көмек көрсетілетін болады.
- Екінші дүниежүзілік соғысы қатысушыларына – 1,0 млн теңге, мүгедектеріне – 1,0 млн теңге беріледі.
- Чернобыль АЭС-iндегi апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық қаруды сынаудың салдарынан мүгедек болған адамдарға – 60 АЕК ;
- Бұрынғы Совет одағын қорғау кезiнде, әскери қызметтiң өзге де мiндеттерiн басқа уақытта орындау кезiнде жаралануы, контузия алуы, зақымдануы салдарынан немесе майданда болуына байланысты, сондай-ақ Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа мемлекеттерде әскери мiндетiн өтеу кезiнде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедек болған әскери қызметшiлерге - 60 АЕК ;
- Жаттығу жиындарына шақырылып, ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезде Ауғанстанға жiберiлген әскери мiндеттiлер; ұрыс қимылдары жүрiп жатқан осы елге жүк жеткiзу үшiн Ауғанстанға жiберiлген автомобиль батальондарының әскери қызметшiлерi; Ауғанстанға жауынгерлiк тапсырмаларды орындау үшiн ұшулар жасаған ұшу құрамының әскери қызметшiлерi; Ауғанстандағы кеңес әскери құрамына қызмет көрсеткен жараланған, контузия алған немесе зақымданған, яки ұрыс қимылдарын қамтамасыз етуге қатысқаны үшiн бұрынғы Совет одағының ордендерiмен және медальдерiмен наградталған жұмысшылар мен қызметшiлерге – 50 АЕК;
- Екінші дүниежүзілік соғысының мүгедектеріне жеңілдіктері жағынан теңестірілгендерге – 60 АЕК;
- «Қоршаудағы Ленинград тұрғыны» белгiсiмен наградталған азаматтарға – 50 айлық есептік көрсеткіш;
- фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерлердiң, геттолардың және басқа да ерiксiз ұстау орындарының жасы кәмелетке толмаған бұрынғы тұтқындарына – 50 АЕК;
- 1986-1987 жылдары Чернобыль АЭС-iндегi апаттың, сондай-ақ азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың зардаптарын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтар мен жаттығуларға тiкелей қатысқан адамдарға – 50 АЕК;
- Қайтыс болған соғыс мүгедегінің жесірлеріне – 40 АЕК;
- Екiншi рет некеге тұрмаған, қайтыс болған соғыс мүгедектерiнiң және соларға теңестiрiлген мүгедектердiң әйелдерi (күйеулерi), сондай-ақ қайтыс болған соғысқа қатысушылардың, партизандардың, астыртын күрес жүргізушілердің, «Ленинградты қорғағаны үшiн» медалiмен және «Қоршаудағы Ленинград тұрғыны» белгiсiмен наградталған, жалпы ауруға шалдығу, еңбекте мертігу және басқа да себептер (құқыққа қайшы келетiндерiн қоспағанда) салдарынан мүгедек деп танылған азаматтардың әйелдерiне (күйеулерiне) - 40 АЕК;
- Қаза тапқан әскери қызметшiлердiң отбасыларына (Ауғанстандағы немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа мемлекеттердегi ұрыс қимылдары кезеңiнде жараланудың, контузия алудың, зақымданудың немесе ауруға шалдығудың салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердiң отбасы; бейбiт уақытта әскери қызметiн өткеру кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлердiң отбасы; Чернобыль АЭС-iндегi апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың зардаптарын жою кезiнде қаза тапқан адамдардың отбасы; Чернобыль АЭС-iндегi апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық сынаулардың салдарынан сәуле ауруына шалдығып қайтыс болғандардың, немесе өлiмi белгiленген тәртiппен солардың ықпалына байланысты болған мүгедектердiң, сондай-ақ азаматтардың отбасы) - 40 АЕК;
- Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi және мiнсiз әскери қызметi үшiн бұрынғы Совет одағының ордендерiмен және медальдерiмен наградталған адамдарға – 40 АЕК;
- 1988-1989 жылдардағы Чернобыль АЭС-iндегi апаттың зардаптарын жоюға қатысқан, оқшаулау аймағынан Қазақстан Республикасына қоныс аудартқан (өз еркiмен көшкен) адамдар қоныс аудартқан күнi анасының құрсағындағы балаларды қоса алғанда – 20 АЕК төленеді.
- Аталған әлеуметтік көмек сәуір айында төленуде, мамыр айының 7-ісіне дейін толық төленетін болады - , дейді Маңғыстау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы.