Маңғыстауда теңізге шомылған балаларды итбалық тістеп алған

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Түпқараған ауданында төрт ер баланы және жеті жасар қыз баланы итбалық тістеп алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Маңғыстауда теңізге шомылған балаларды итбалық тістеп алған

Бұл жағдай 8 маусымда сағат 19.40 шамасында орын алған.

Маңғыстау облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, суда шомылып жүргендердің ең үлкені 20 жаста, ал ең кішісі 7 жасқа да толмаған.

Түпқараған аудандық ауруханасының қабылдау бөлмесіне екі баланы жедел медициналық жәрдем бригадасы жеткізсе, қалған үшеуі өздері барған.

«Дәрігерлер балалардың білектері тістелгенін анықтады. Кішкентай науқастарға алғашқы хирургиялық амалдар жасалып, құтырмаға қарсы вакцина егілді, одан кейін үйлеріне қайтарылды. Ауруханаға жатқызу қажет болған жоқ. Алдағы уақытта медициналық көмек керек болса, дәрігерді үйге шақыртып, ем алады»,-делінген хабарламада.