Маңғыстауда ведомствоаралық үйлестіру кеңесінің алғашқы отырысы өтті
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен облыстың ведомствоаралық үйлестіру кеңесінің алғашқы отырысы өтті, деп хабарлайды өңір басшысының ресми сайты.
Күн тәртібінде қоршаған ортаны қорғау, оның ішінде Химико-гидрометаллургиялық зауыттың мәселелері, тұрғындарды спорт ғимараттарымен қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғасының алдын алуға бағытталған іс-шаралар кешенін жүзеге асыру, қалалар мен аудандардың инфрақұрылымын дамыту мен жоспарлауды жақсарту сынды бірқатар мәселелер қаралды.
«Кеңестің мақсаты - қоғамдық денсаулық сақтауда мүдделі тараптардың күш-жігерін біріктіру.Соңғы жылдары Қазақстанда созылмалы инфекциялық емес ауруларды диагностикалауға және емдеуге шығындардың өскені байқалады. Бұл мемлекеттің денсаулық сақтауға бағытталған барлық шығындарының 95-96 пайызын құрайды, ал профилактикаға 3 пайыз ғана жұмсалады. Осыған байланысты, күнделікті салауатты өмір салтын ұстану және қалыптастыру мақсатында әр қазақстандық үшін өмірдің сапасы мен ұзақ өмір сүрудің кепілі болатын тиімді шаралардың қабылдануы қажет. Одан әрі осы шаралардың сапалы орындалуына қажетті қаражаттардың бөлінуі тиіс», - деді Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.
Жиын барысында Қоршаған ортаны қорғау, аумақтың экологиялық жағдайын жақсарту, оның ішінде Химико гидрометаллургиялық заводтың мәселелері және оны шешу жолдары туралы экология департаментінің басшысының міндетін атқарушы Руслан Тукенов мәлімдеді.
Ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша Департамент тарапынан облыстағы табиғат пайдаланушылар іс-шаруашылығына 8 тексеру жүргізіліп, 58 экологиялық заң талаптарының бұзылу фактісі анықталған.
«Нәтижесінде, кінәлі тұлғаларға жалпы сомасы 44 122 584 теңгені құрайтын 55 әкімшілік істер қозғалды. Бүгінгі таңда, салынған айыппұлдардың 4 140 490 теңгесі мемлекет пайдасына өндірілді, қалған 39 982 094 теңгесі орындалуда (төлеу мерзімі шықпаған). Сонымен қатар, экологиялық заңнама талаптарын бұзу салдарынан қоршаған ортаға келтірілген залалды өтеу мақсатында Департамент тарапынан ағымдағы жылы жалпы сомасы 44 224 670 теңгені құрайтын 4 нұсқама берілді», - деді Руслан Тукенов.
Табиғи қорлар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Дүйсен Кұсбековтің баяндамасына сәйкес, Басқұдық ауылының санитарлық-гигиеналық, экологиялық жағдайын және микроклиматтын тұрақтандыру үшін «Қошқар-Ата» қалдық қоймасының оңтүстік-батыс бөлігінде жалпы аумағы 8,2 га тәжірибелік жасыл қорғаныш аймағы, сондай-ақ, осыған ұқсас ауданы 30 гектар жасыл қорғаныш аймағын құру жұмыстары қолға алынды. Облыс әкімінің тапсырмасымен биыл қосымша ауданы 30 гектар құрайтын келесі жасыл қорғаныш аймағын құру жұмыстарына мемлекеттік сатып алу жүргізілуде. Жасанды көлдің сұйық фазасын тұрақтандыру мақсатында Ақтау қаласындағы кәріздік тазарту ғимаратынан (КОС-1) жыл сайын тазаланған 7,8-8,4 млн. м³су құйылады.
Сонымен қатар айтылған мәселелерге орай Жер қатынастар басқармасының басшысы Есемұрат Дүзмағамбетов баяндады.
Облыста 2018 жылдың 1 наурызындағы жағдай бойынша барлауға және өндіруге арналған 243 жер қойнауын пайдалану келісімшарттары тіркелген. «Қазақстан Ғарыш Сапары» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының деректеріне сәйкес, мониторинг қорытындысымен 62 елді мекенде жер-кадастр базасына енбеген 5000-ға жуық құрылыс нысандары жөнінде мәліметтер көрсетілген.
«Облыста тіркелген 96 пайыз жер қойнауын пайдаланушының учаскесінде келісімшарттан тыс пайдаланылған аймақтар белгілі болды. Сонымен бірге, ғарыштық түсірілімдер негізінде Жаңаөзен қаласының солтүстігіндегі «Өзенмұнайгаз» АҚ мен «Алмэкс плюс» ЖШС-нің аумағында жалпы көлемі 165,7 гектар жерде мұнай қалдықтарымен ластанған 471 жер учаскелері анықталды», - деді Жер қатынастар басқармасының басшысы Есемұрат Дүзмағамбетов.