Маңғыстауда жағалаудағы жартастар бедерленуде
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақтауда жағалауда жатқан жартастар туристік нысанға айналады. Инвесторлардың қаражатына жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары қазір қызу жүріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жартасты жағалай 1,5 шақырым жерге жол салынбақ. Қазір жаяу жүргіншілер жолына темірден 1000-нан астам баспалдақ орнатылған. 10 шақты теxника мен 100-ге жуық жұмысшы жағалауды ретке келтіруде.
Сүрлеу жолды салу кезінде жартастың табиғилығы сақталады. Оның 2 жағы қоршалып, әр 30 метр сайын бейнебақылау орнатылады. Жартастарға түрлі жарық шамдары қойылып, суреттер салынады. Үңгірлер абаттандырылып, табиғи мұражайға айналады. Сондай-ақ, мұнда арнайы теңізге қарап тынығатын орын да қарастырылады. Осылайша, жергілікті халық пен қала қонақтары бір уақытта серуендеп, әрі демала алады.
Жоба Ақтау қаласының 55 жылдығына үлкен сый болмақ.
«Бастапқыда 9 айға жоспарланған жұмыстың уақыты 4 айға шегерілді. Яғни, енді, 1 тамызда аяқталуы тиіс», - дейді мердігер мекеме өкілі Асқар Керелбаев.
Ал, 15-шағын аудандағы жағалауда 500-ге жуық жұмысшы екі ауысымда жұмыс істеп жатыр. Мұнда бастысы арнайы үлкен сахна болады. Ені 70, ал биіктігі 8 метр болады. Сондай-ақ, 15 мың көрерменге арналған алаң болады. Тіпті, әртістерге арналған бөлме салу да жоспарда бар.
Қазір шамамен 30 пайыз жұмыс аяқталды.