Маңғыстауда жаңбыр арты селге ұласып, көліктерді ағызып әкетті
18:21, 24 Шілде 2022
ФОРТ-ШЕВЧЕНКО. ҚазАқпарат - Түпқараған ауданының орталығы Форт-Шевченко қаласынан 68 шақырымдағы «Көгілдір айлақ» теңізінің жағалауында демалып жатқан адамдар мен олардың автокөліктері нөсер жауыннан пайда болған селдің астында қалып қойды. Бұл туралы Түпқараған ауданы әкімдігі мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«24 шілдеде сағат 08:28-де Форт-Шевченко қаласының өрт сөндіру бөліміне «Көгілдір айлақтағы» демалушылардан қоңырау келіп түсті. Демалыс орнына кіреберісте сел пайда болып, автокөліктердің ағып кеткендігі туралы шақырту алдық. Шақыру түскеннен соң Ақтау қалалық №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінен вахталық автокөлігі шығып, оқиға орнына барып 10 адамды эвакуациялады. Олардың екеуі - бала», - деді Түпқараған аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Жолдыбек Бисенбеков.
Қарғын судан 6 автокөлік шығарылған. Эвакуациалау жұмыстарына С.Шапағатов ауылдық округынан да арнайы техникалар жұмылдырылған.
Айта кетейік, 23 шілдеде Маңғыстау облысында нөсер жауын жауған еді.