Маңғыстауда жастар жылында 100 шара өтеді

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Жастар жылында Маңғыстауда 100 іс-шара өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Биыл өңірде 2 ірі халықаралық шара ұйымдастырылмақ. Біріншісі, тамыз айында Ақтау саммитінің 1 жылдығы аясында Маңғыстауға шекаралас мемлекет жастарының «Жастар достығы - 2019» форумы. Екіншісі, халықаралық ауқымды шара - Жастар марафоны.

«Ең үлкен шара осы қаңтар айына жоспарланған. Айдың аяғында Астана қаласында жастар форумы ресми ашылады. Одан кейін өңірде делегаттардың қатысуымен өткіземіз. Жастар жылында не істейміз, қандай жоспарларымыз бар сол шарада талқыланады»,- дейді МО Жастар саясаты басқармасының басшысы Бауыржан Тұяқов.

Сондай-ақ, маусым айында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және «Ұлы даланың 7 қыры» мақаласы аясында «Өз тарихыңды танып біл» атты жастардың республикалық экспедициясы мен «Туған жер upgrade» Шерқала, Айрақты тауы етегінде өтетін көшпелі жастар кездесу-тренингі жоспарлануда. Шараға республика бойынша «100 жаңа есімге» енген, жетістікке жеткен тұлғалар шақырылады. Жас блогерлердің медиа-туры қыркүйек айына жоспарланған шараға әлеуметтік желіде танымал жастар, вайнерлер қатыстырылмақ.

Айта кетсек, бүгінгі таңда облыста 14 пен 29 жас аралығында 145 657 адам бар, бұл жалпы облыс тұрғындарының 22,1% пайызын құрайды. Қалаларда - 70 174, ауылдық жерлерде 75 483 жас тұрады.

Еске салсақ, Елбасы халыққа арнаған соңғы Жолдауында 2019 жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынған болатын. Өз сөзінде Мемлекет басшысы жастар мен отбасы институтын қолдау шаралары мемлекеттік саясаттың басымдығына айналу қажеттігін жеткізді.

«Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек. 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялауды ұсынамын», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Осыдан кейін Елбасының Жарлығымен 2019 жыл Жастар жылы деп жарияланды.

Соңғы жаңалықтар