Маңғыстауда жол бойында жанжалдасқан көлік жүргізушісінің бірі екіншісін ұрып өлтірген

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстауда жол бермегені үшін ашуға булыққан көлік жүргізушілері жанжалдасып, бірі екіншісін ұрып-соғып өлтірген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Маңғыстауда жол бойында жанжалдасқан көлік жүргізушісінің бірі екіншісін ұрып өлтірген

Облыстық Ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 35 жасар күдікті 67 жасар ер адамды дене жарақатымен жол жиегіне тастап кеткен.

«Алдын ала болжам бойынша, екі жүргізуші бір-біріне жол бермей, араларында жанжал туындаған. Қылмыстық іске күдікті эмоцияға бой алдырып, көліктен шығып, 67 жастағы жүргізушіні ұрып-соққан. Алған жарақаттарынан кейін жәбірленуші сол жерде қайтыс болды. Осыған байланысты Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», - делінген баспасөз қызметінің мәліметінде.

Тергеу сотының санкциясымен күдіктіге қатысты екі ай мерзімге күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалған. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Айта кетейік, оқиға 22 шілде сағат 20:15 шамасында Мұнайлы ауданының Жаңа Дәулет кентінде орын алған.

Құқық қорғау органдарының өкілдері көлік жүргізушілерін жолда туындайтын келеңсіз жағдайларда эмоцияға берілмеуге шақырады.