Маңғыстауда жылқы үйірінен табылған құлан еркіне жіберілді
Қазақстан биоәртүрлілікті сақтау қауымдастығына Маңғыстау облысы Бейнеу ауданында жылқылар үйірінде жүрген құланның суреті жіберілген.
«Құланның артезианға алыс емес жерде жайылып жүрген жылқылардың үйіріне қосылып кеткендігін жергілікті тұрғындар хабарлады. Аудандағы әріптесіміз барып құланның жарақаты бар, аяқтарының байлаулы екенін көрді. Жағдайын орташа деп бағалап, дала жануарын өз еркіне босатып жіберді», - деп жазылған қауымдастықтың әлеуметтік парақшасында.
Мамандардың болжамы бойынша, құланның 2-3 жасар айғыры өңірге Барсакелмес қорығынан келген. Оған дәлел – жануардың тұяқтары. Бұрынғы Арал теңізінің түбін мекен ететін құландардың тұяқтары осындай жалпақ, қажымаған келеді. Өйткені, олар жұмсақ құм және лай үстімен жүреді. Бұл – төңірекке жалғыз құланның үшінші рет кіруі.
Жалпы, Қазақстанда құландар «Барсакелмес» қорығы, «Алтын-Емел» ұлттық паркі, «Аңдасай» қаумалы және «Алтын Дала» резерваты аумақтарын мекендейді.