Маңғыстауда жылқыны атып, ұрлап кеткендер ұсталды

АҚТАУ. ҚазАқпарат - «Бейнеу-Шетпе» трассасында тоқтатылған Газ-30232-244 маркалы автокөлігінен ұрланған жылқылар табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Маңғыстауда жылқыны атып, ұрлап кеткендер ұсталды

Маңғыстау ауданы Полиция бөлімінің қызметкерлері тоқтатқан автокөлік жүргізушісі ешқандай құжаттарсыз, бауыздалған 3 бас жылқыны Ақтау қаласына алып бара жатқан болып шықты.

Тексере келе, аталған 3 бас жылқының иесі Бейнеу ауданы, Боранқұл селосының тұрғыны екендігі анықталды. Кейіннен белгілі болғандай, Боранқұл селосынан 30 шақырым жерде белгісіз біреулер шаруаның өрісте жүрген 2 биесін және 1 айғырын мылтықпен атып, содан соң  3 бас жылқыны сойып, автокөлікке тиеп, ұрлап кеткен.

«Келтірілген шығын сомасы – 1 350 000 теңге. Бұл дерек бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабының 2-бөлігі 1-тармағымен СДТБТ-не тіркеліп, жан-жақты тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде. Күдікті уақытша қамау абақтысында»,-деп хабарлады МО Полиция департаментінің баспасөз қызметі.