Маңғыстаудағы ауыл баласы математикалық есепті тез әрі оңай шешетін жоба ойлап тапты
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданындағы Өтес орта мектебінің 3-сынып оқушысы есепті оңай әрі жылдам шешу үшін ерекше құрал ойлап тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мектептің қоғамдық шараларына белсене қатысып жүрген Азамат Тоқсанбай озат оқушылар қатарында. Математика пәніне деген қызығушылығының арқасында сандарды қосып азайтуға, көбейтіп бөлуге бағытталған тың жобаны жасаған.
«Бұл жобаға деген қызығушылығым ең алғаш атам екеуміздің жасаған құрылғымыздан пайда болды. Мектепте математикалық есептерді оңай, әрі тез меңгертетін ерекше идея туды. Мәселен, «көңілді сандар» деп аталатын дамыту ойыны түрлі-түсті қағаздар, қарындаш пен қайшының көмегі арқылы құрылады. Осы арқылы қосу, азайту, көбейту, бөлу амалдарын ауызша жылдам есептеуге мүмкіндік береді. Бұл телефондағы ойындардан артық. Баланың ойлау қабілетін дамытады. Ол мидың дамуына пайдалы. Бұл құралды сабақтан тыс уақытта да әр оқушы өз бетінше қолданып, есептеуге болады»,- деді Азамат Тоқсанбай.
Болашағынан үміт күттірген Азамат «Тың жобаларды дамыту» бойынша жарыстан аудан көлемінде І орынды иеленіп, облысқа жолдама алды. Сынып жетекшісінің айтуынша, оның ойлап тапқан өнері жоғары сұранысқа ие. Себебі жас ғалымның жобасына Шымкент қаласындағы пластмассалық ойыншық зауыты қызығушылығын танытып отыр. Енді, жас ғалым ойлап тапқан жобасы өз қатарластарының оқу үлгерімінің артуына септігін тигізбек.
