Маңғыстаудағы медициналық мекемелер 117 қызметкермен толығады

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Биыл Маңғыстауға 117 медицина қызметкері келеді деп жоспарлануда, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Маңғыстаудағы медициналық мекемелер 117 қызметкермен толығады

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасының мамандары мәлімдеді.

2019 жылдың 6 ай қорытындысымен емдеу сауықтыру мекемелерінің ақпараты бойынша Маңғыстау облысына 250-ге жуық дәрігер мамандары қажет. Қалалық жерге 127 дәрігер, ауылдық жерге 123 дәрігер жетіспейді.

Ауылдық жерге оның ішінде:

- Мұнайлы орталық аудандық бойынша – 18;

- Түпқараған орталық аудандық ауруханасы бойынша – 4;

- Маңғыстау орталық аудандық ауруханасына – 2;

- Қарақия орталық аудандық ауруханасына – 7;

- Жетібай ауылдық ауруханасына – 9;

- Бейнеу орталық аудандық ауруханасына – 13;

- Боранқұл ауылдық ауруханасына – 1,

- Жаңаөзен қаласы бойынша – 69 маман жетіспейді.

Қазіргі таңда Маңғыстау өңіріне аса қажет мамандар — жалпы тәжірибелі дәрігерлер, кардиологтар, нейрохирургтар, акушер–гинекологтар, анестезиолог-реаниматологтар, неонатологтар, онкологтар, клиникалық фармакологтар, инфекционистер, сәулелі диагностикалық дәрігерлер, физиотерапевттер, психиаторлар (наркологтар), офтольмологтар, отоларингологтар.

Осы проблемаларды жою мақсатында емдеу сауықтыру мекеме басшылары 2019 жылы 7 жоғары оқу орындарының бос орын жәрмеңкесіне барып, 84 жас маманмен шарт жасасып келді.