Маңғыстаудағы оқиғадан кейін түрмелер қажетті заманауи техникалық күзету құралдармен жабдықталады - Әділет министрлігі

АСТАНА. Шілденің 22-сі. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Әділет министрлігі Маңғыстау облысы Ақтау қаласындағы қатаң режимді түрмесінде орын алған оқиғадан кейін, ведомствоға қарасты түрмелерді қажетті заманауи техникалық күзету құралдармен жабдықтауға кіріспек. Бұл туралы бүгін брифингте Әділет министрлігінің ресми өкілі Ерболат Ерімбет мәлім етті,

Маңғыстаудағы оқиғадан кейін түрмелер қажетті заманауи техникалық күзету құралдармен жабдықталады - Әділет министрлігі

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Министрдің бұл тапсырмасын іске асыру үшін, қолданыстағы түзету мекемелерінің материалдық-техникалық жай-күйіне толық тексеру жүргізу тапсырылды», дейді Е. Ерімбет.

Оның айтуынша, осы іспеттес оқиғалардың қайталанбауы үшін ҚР кейбір заңдарына да өзгерістер енгізу қажет.

«Тыйым салынған заттарды Қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелеріне алып өту, өткізу фактілерінің жолын кесу мақсатында алынған ақша қаражаттары мен бағалы заттарды тәркілеу, мемлекет кірісіне алу ұсынысын заңнамаға енгізу тапсырмасы берілді», деп атап көрсетті ол.

Естеріңізде болса, 2010 жылы маусымның 22-сі күні Ақтаудағы ГМ 172/1 қатаң режимдегі түрмеден 21 қылмыскер қашуға әрекет жасаған болатын. Қашқындардың 8-і (біреуі тірідей ұсталып, қалған жетеуі өлідей) алғашқы күні ұсталып, қалған 13-і арада төрт күн салып ұсталған еді.