Маңғыстаудағы жол апаты: Екі кішкентай қызға қан керек

АҚТАУ. ҚазАқпарат – Ақтау-Құрық тасжолындағы апаттан ауыр жарақат алған қыздардың туыстары тұрғындардан қан тапсыруды өтініп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Маңғыстаудағы жол апаты: Екі кішкентай қызға қан керек

Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, 24 шілде күні сағат 19.00 шамасында орталық аурухананың қабылдау бөліміне жол апатынан әр түрлі жарақат алған ер адам, екі қыз және қайтыс болған әйел адамның денесі жеткізілген.

6 және 10 жасар қыздар тез арада облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөліміне ауыстырылған. 2009 жылы туған қыз баланың бас сүйегіне ауыр зақым келген (1-2 дәрежелі шок, оң жақ ми сүйегінің жарылуы). Оған нейрохирургия бөлімінде ота жасалған. Дәрігерлердің айтуынша, ота сәтті өткенімен, оның жағдайы өзгеріссіз.

Ал ер адам облыстық аурухананың травматология бөлімінде жамбас сүйегі, бас сүйегіне келген жарақаты бойынша ем алуда. Оның жағдайы бірқалыпты.

Қазір ауруханадағы екі қызға туыстары әлеуметтік желі арқылы көмек сұрауда. Олар тұрғындардан қан керек екенін жариялаған.