Маңғыстаудан мерзімді әскери қызметке шақырылғандардың үш жасағы жөнелтілді

АҚТАУ. ҚазАқпарат – Кейінгі екі аптада Маңғыстау облысынан мерзімді әскери қызметке шақырылғандардың үш жасағы жөнелтілді. Бұл туралы Ақтау гарнизонының баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Маңғыстаудан мерзімді әскери қызметке шақырылғандардың үш жасағы жөнелтілді

Әскер қатарына қабылданған 50-ден астам жігіт Жамбыл, Атырау және Маңғыстау облыстарындағы шекара қызметінде борышын өтейді.

«Күзгі әскерге шақыру науқаны жүріп жатыр. Осы кезеңде 18 бен 27 жас аралығындағы 700-ден астам маңғыстаулық жігітті әскер қатарына шақыру жоспарланып отыр. Оның ішінде 300-ге жуық сарбаз Қарулы күштер қатарына аттанады. 230-дан астам адам Ұлттық ұлан қатарына шақырылады. 170-тен астам сарбаз Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметіне қабылданады», - дейді Ақтау гарнизоны мерзімді әскери қызметке шақыру бөлімінің бастығы, майор Талғат Сарбасов.

Соның ішінде 20 жігіт Атырау облысы бойынша Шекара қызметі департаментіне қызмет етуге аттанған. Әскерге шақыру жұмыс бірқалыпты, еш қиындықсыз ұйымдастырылған.

Жолға шығар алдында Маңғыстау облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшылығы әскерге шақырылғандармен ұжымдық және жеке әңгімелесулер жүргізіп, дәстүр бойынша ата-аналарымен бірге шығарып салу рәсімін ұйымдастырады.