Маңғыстауға биыл 250 мыңға жуық турист келген
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысына осы жылы 250 мыңға жуық турист келген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өңірлік туризм басқармасының басшысы Мәулен Ғабдулқалиевтің сөзінше, ресми статистикаға сәйкес туристер саны 250 мыңға жуықтаса, тіркелмегендерді қоса есептегенде шамамен 500 мың болады.
Маңғыстауға саяхаттап келгендер көбіне Қараман ата жерасты мешітіне аялдайды. Киелі орынға келетін зияратшылар саны өткен жылмен салыстырғанда екі есе өскен.
«Қараман aтa өз заманында қасиеті біраз елге таралған, беделді, ақ пен қараны айыратын әділ, киесі бар адам болған. Жерасты мешітінде адам емдеп, шәкірттерін тәрбиелеген деген аңыз да бар. Сол себепті, бұл қасиетті мекенге ауруына шипа іздеп, перзент тілеп келіп жатады. Жыл сайын жерасты мешітіне арнайы бас сұғып, садақа беріп, құран бағыштап, шипа іздеп келушілер саны артып келеді. Бұл - қуантарлық жайт», - деді Маңғыстау ауданының тұрғыны, Қараман ата жерасты мешітіне зияраттап келуші Әзірбай Бекеев.
Сондай-ақ, туристердің басым көпшілігі қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі мен мәдениетін, салт-дәстүрін дәріптейтін мекеннің бірі - «Көгез» этноауылына да тұрақтайды. Этноауыл директоры Евгения Слюсареваның айтуынша, қаз-қатар киіз үйлер тігіліп, ұлттық нақышта безендірілген демалыс орнына шетелдік туристердің келуі жиілей түсті. Олардың арасында, Корея, Италия және Ресей елдерінің азаматтары бар.
«Көгез» этнографикалық қазақ ауылында туристер мен жолаушы қонақтар үшін 15 киіз үй тігілген. Үш бірдей категория бойынша қонақтарға қызмет ұсынылады. Киіз үйдің бірі тамақ ішуге, өзге бірі жатын орын, ал үшіншісі суретке түсуге арналған. Этноауылға күніне 5-10 жолаушы келеді. Олардың қызығушылығы ерекше», - деді Евгения Слюсарева.