Маңғыстауға жыл басынан бері 54 мыңнан астам турист келген

АҚТАУ. ҚазАқпарат – Жыл басынан бері Маңғыстау облысына 54 575 турист келген. Бұл туралы Маңғыстау облыстық туризм басқармасы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Маңғыстауға жыл басынан бері 54 мыңнан астам турист келген

Басқарма ақпаратына қарағанда, биылғы 5 ай ішінде өңірге келген туристер саны былтырғымен салыстырғанда 2 мың адамға артық.

«Өңірде туристер тоқтайтын орындар саны 98-ге, ал қонақ үй нөмірлері 3 810-ға дейін ұлғайды. Жыл басынан 1,2 млрд теңгеге қызмет көрсетілді. Сонымен қатар, туризм саласына тартылған инвестиция көлемі артты. Мәселен, 2021 жылдың қорытындысы бойынша 43,8 млрд инвестиция тартылса, биыл қаңтар-сәуір аралығында бұл көрсеткіш 3,97 млрд теңгені құрады» делінген хабарламада.

Басқарманың ақпаратына сенсек, биыл Маңғыстауда 40 млрд-тан астам қаржыға 6 жобаны іске қосу жоспарланған.

Еске сала кетейік, елімізде турпакет шеңберінде саяхаттайтын 2-17 жас аралығындағы балаларға ұшақ билетін тегін алу ережелері жарияланды.