Маңғыстаулық белсенділер Жолдаудың ел тұрмысын жақсартуға бағытталғанын айтты
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Елбасы Жолдауын маңғыстаулықтар да ықыласпен тыңдады. Әкімдікте өткен басқосуға 100-ге жуық мемлекеттік қызметші мен қоғам белсенділері жиналды. Олар Президенттің әр бастамасы мен тапсырмалары халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған дейді.
«Жолдаудағы жағымды жаңалық - ең төменгі жалақының 1 қаңтардан бастап 1,5 есе өсетіні болды. Сонымен қатар, бюджет қызметкерлеріне айрықша көңіл бөлініп отыр. Саладағы 275 мың қызметкерге қазынадан 906 млрд теңге бөлінбек»,-дейді облыстық Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Ақмоншақ Бауыржанова.
Оның айтуынша, дәрігерлер мен мұғалімдердің жалақысын 35 пайызға көтеру өте дұрыс. Себебі, олардың ел дамуына қосып отырған үлесі өлшеусіз.
Ал, қоғам белсендісі Бектұр Төлеуғалиев Жолдауды ел тіршілігінің әр саласын қамтыған құжат деп есептейді.
«Бұл Жолдау еліміздің дамуына үлкен ықпал ететін жаңа бағдарламалар, жаңа бағыттарды белгілеп беріп отыр. Ол халқымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал етеді деген сенімім мол. Бүгін қозғалған әрбір бастаманы қолдаймын. Қай-қайсысын алып қарасақ та, маңызды әрі өзекті»,-дейді ол.