Маңғыстаулық дәрігер: Вакцина – инфекциядан қорғанудың жалғыз жолы

АҚТАУ. ҚазАқпарат – Маңғыстауда өткен аптада алғаш болып еріікті тұрде дәргерлерді вакцинациялау басталды. Алғаш болып екпе алған медицина қызметкерлерінің бірі - облыстық аурухананың директоры Жәнібек Әжмұханов. ҚазАқпарат тілшісі ресейлік «Спутник - V» вакцинасын алған маңғыстаулық дәрігермен сұхбаттасты.

Маңғыстаулық дәрігер: Вакцина – инфекциядан қорғанудың жалғыз жолы

Өзі басшылық ететін аурухана қызметкерлері 3 ақпаннан бастап екпе ала бастаған. Жәнібек Әжмұхановтың айтуынша, вакцинаны пайдаланған кезде иммундық жүйе күшейеді.

«Пандемия қазір өршіп тұр. Инфекция адамның организміне түскен кезде оған қарсы шығатын иммундық жүйе бар. Вакцинаны пайдаланған кезде иммундық жүйе күшейеді. Яғни вакцинация алған адам көп болса, иммунды қабаты жоғары болып, нәтижесінде пандемия әлсіреп, жағдай тұрақтала бастайды», - деді ол.

Маңғыстау облыстық ауруханасындағы реанимация, инфекция, қабылдау бөлімдерінде жұмыс істейтін медицина қызметкерлері коронавирустық инфекцияға қарсы екпе алды.

«Жалпы вакцина дегеніміз иммунды биологиялық препаратқа жатады. Жанама әсерлері бойынша аллергия, бөртпе, қызу болуы мүмкін. Көбіне оған ешқандай ем қабылдаудың қажеті жоқ. Негізгі кері әсер 3 күннің ішінде белгілі болады. Өзім де ең бірінші екпе алған қызметкерлер арасында болдым. Денсаулығымыз жақсы, кері әсері жоқ. Қалыпты жағдайда жұмысымызды атқарып жатырмыз»,-дейді Маңғыстау облыстық ауруханасының директоры Жәнібек Әжмұханов.

Маңғыстау облысында вакцинацияны жүзеге асыратын 10 егу бөлмесі дайын .

Оның ішінде 2 – Ақтау қаласында, 3 – Жаңаөзенде, 1 – Қарақия ауданында, 1 – Түпқараған ауданында, 1 – Бейнеу ауданында, 1 – Маңғыстау ауданында және тағы біреуі Мұнайлы ауданында орналасқан.