Маңғыстаулық дарынды оқушылар «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығына жолдама алды

Мерекелік шараға облыстағы жетім және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған отбасы балалары мен отбасы үлгісіндегі балалар ауылының тәрбиеленушілері қатысты.
Жаңажылдық шыршаға барлығы 9-13 жас аралығында 200 бала жиналды.
Бүлдіршіндерге арнайы дайындалған мерекелік бағдарлама көрсетілді. Оған театрдың әртістері мен Маңғыстаулық өнер жұлдыздары қатысып, өз өнерлерімен думанды мерекенің ажарын ашты. Балалар үлкен шыршаны айнала ән айтып, би билеп, Аяз ата мен Ақшақарға өз өнерлерін көрсетті. Бейнетаспа арқылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысушыларды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, оларға зор денсаулық, жаңа жетістіктер мен барлық армандарының орындалуын, жақсы оқып, сапалы білім алып, мақсаттарына жете білулерін тіледі.
Облыс әкімі Ералы Тоғжанов: «Сіздер - Қазақстанның болашағы, тәуелсіз елдің ұрпағысыздар. Сондықтан туған елдің лайықты азаматтары болуы үшін білімді болып ер жетулерің тиіс. Жаңа жыл жақсылығымен келсін!»,-деп өз құттықтауын жеткізді.
Қазақстан Республикасының Президенті атынан Жаңа жылға қатысушы барлық балаларға сырт киімдер (куртка), спорттық киімдер, бас киімдер, қысқы етіктер, тәтті сыйлықтар, ұялы телефон сыйға тартылды. Сонымен қатар әр балаға танымдық кітаптар (үш тілде) және құттықтау открыткасы берілді.
Шарадан соң балалар қаланы серуендеу мен мейрамханадағы мерекелік түскі асқа шақырылды.
Сондай-ақ, 14 дарынды (республикалық, облыстық байқаудың жеңімпаз) оқушы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында өтетін жаңажылдық шыршаға жолдама алды.