Маңғыстаулық дизайнер Америкада өткен фестивальде жадағайды әлемге танытты

АҚТАУ.ҚазАқпарат - Дизайнер Айжан Рахымбайқызы Америкада өткен «Smithsonian folklife» фольклорлық фестиваліне қатыстып, Маңғыстаудың жадағайын әлемге танытып қайтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Маңғыстаулық дизайнер Америкада өткен фестивальде жадағайды әлемге танытты

Маңғыстаулық дизайнер Айжан Рахымбайқызы Америка Құрама Штаттарында жыл сайын ұйымдастырылатын әр ұлттың мәдени салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, қолөнерін дәріптейтін «Smithsonian folklife» фольклорлық фестиваліне қатысып, жүннен тігілген Маңғыстау жадағайы мен ішігін таныстырды.


Аталған шара 1967 жылдан бері жыл сайын Вашингтон қаласында ұйымдастырылады. Фестивальға әр жылы АҚШ-тың 50 штатынан және 100-ден астам шетелден қонақ келеді.

Айжан Рахымбайқызы фестивальға «Маңғыстау мұнары» коллекциясын апарған.

«Көкейімде жүрген арманым маңғыстаулықтардың ежелгі сырт киімі - түйе жүннен сырылған жадағайды заманға сай жаңғыртып, шетелге таныту еді. Әлемнің алпауыт елінің бірі АҚШ-та өтетін шарада көрсету мен үшін арманымның орындалғаны болды», - дейді Айжан Рахымбайқызы.


Айжан 2016 жылдан бері қолөнермен айналысады.

«Жадағай - қазақтың ежелден келе жатқан сырт киімі. Ол қазір де ата-әжелерімізден мұра болып қалып, кейбір жанұяларда сақталған. Ер адамның жадағайы түйе жүн салып сырылып, астарланған.

Ши мақпалдан тіке түскен бір тігіспен сырылып тігілген. Біз бұрынғы әжелеріміз киген жадағайдың күміс түймелерін ұқсатып, зергерге тапсырыспен арнайы жасаттық. Қазақы киімнің әрбір әшекейінде халқымыздың тарихының, ой-санасының қайталанбас көрінісі бар. Ол - біздің ұлттық мәдениетіміз. Ал ұлт мәдениетін жоғары деңгейде көрсету - жауапты іс» - дейді ол.

Фестиваль 11 шілдеде Ұлттық азиялық өнер мұражайының Meyer Auditorium залында өткен Қолөнершілер одағының сәндік дизайнының көрсетілімімен аяқталған.