Маңғыстаулық кәсіпкерлер «Атамекен» палатасының қолдауына ие болып отыр

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысының кәсіпкерлері «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы өңірлік филиалының қолдауымен кәсібін өркендетіп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2022 жылы өңірлік кәсіпкерлер палатасы шағын және микробизнес кәсіпкерлік субъектілерін қаржылай емес қолдау аясында сервистік қызметтердің 4 түрі бойынша өңір кәсіпкерлеріне офлайн және онлайн форматта 572 қызмет көрсеткен.

«Жалпы 2022 жылы облыстық кәсіпкерлік палатасының кәсіпкерлерге қаржылай емес қолдау көрсету бөліміне көбінесе кәсіпкерлер бухгалтерлік қызметтер бойынша келген. Әсіресе тоқсандық немесе жылдық есеп кезеңінде жүгінген. Қызмет көрсету бойынша биылға жүктелген міндеттерді 89 пайызға орындадық. Сондай-ақ аудандардағы филиалдар да жоспардың үдесінен шығып отыр», - дейді Маңғыстау облыстық кәсіпкерлік палатасының кәсіпкерлерге қажылай емес қолдау көрсету бөлімінің басшысы Роллан Менеев.


Кәсіпкерлер палатасынан тікелей қолдау көргеннің бірі - Ақтау қаласының тұрғыны Іңкәр Жүсіпова. Ол сұлулық салонын ашсам деген арманын жүзеге асырған.

«Бұрын бизнеспен айналысып көрген жоқпын. Сондықтан көп іздендім. «Жұмыспен қамту бағдарламасы-2021» арқылы оқып, 580 мың теңге грант ұтып алдым. Одан соң маңғыстау облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына барып, жеке кәсібімді аштым. Ербол Сейілханов деген маман заңнамалық талаптардың дұрыс орындалуы мен есептік жүйені реттеуде көп көмектесті. Салық жүйесі бойынша бірқатар мәселелер болды. Солардың оң шешімін табуына ықпал етті», - дейді ол.

Қазір сұлулық салонында 12 адам жұмыс істейді. Онға тарта қызмет түрі бар. Орталық күніне 30-40 тұтынушыға қызмет көрсетеді.

Іңкәр Жүсіпова бизнестің жүйелі проблемаларын «Атамекен» палатасының білікті мамандарының кеңесімен шеше келе, болашақта тағы осындай салондар ашуды жоспарлап отыр.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының көмегімен жеке ісін дамытқан «В7 групп» серіктестігінің иесі Ержан Бердешов Мұнайлы ауданында мотор майларын және мотор жиынтықтарын сататын дүкен ашса, Сәуле Жетімекова 10 млн теңге көлемінде микрокредит алып, кілем жуу орталығының жұмысын бастаған.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы 2021–2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаны әзірледі.

Азаматтарды тұрақты жұмыспен қамтуды, табысы күнкөріс деңгейінен төмен ауыл тұрғындарының санын азайтуды көздеген жоба осылайша бірте-бірте өз мақсатына жетіп келеді.


Соңғы жаңалықтар