Маңғыстаулық кәсіпкерлер аудан орталығына жаңа спорт кешенін салып берді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Маңғыстау ауданының Ақшымырау ауылында Қаралда балуан атындағы жаңа спорттық кешен пайдалануға берілді, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
- Бұрын біздің волейбол командамыз мектептің спорт залында жаттығатын еді. Орын да жетпейтін. Енді осында келіп күнде жаттығатын боламыз, - деді ауылдың волейбол командасының капитаны Жаңалық Бисембаев.
Жаңа нысанның жалпы көлемі 1 200 шаршы метр. Меценаттар құрылысына 30 млн теңгеден астам қаражат бөлді. Волейбол, бокс пен қазақша күреске арналған залдан басқа жаттығу залы да қарастырылған. Киім ауыстыратын және жуынатын бөлмелері бар.
- Мұндай кешен туралы ауыл жастары бұрыннан айтып келеді. Жасөспірімдердің осы арманын жүзеге асыру үшін «Жаңа адым» қоғамдық қайырымдылық қоры құрылды. Кәсіпкерлердің қолдауымен және ауыл тұрғындарының ауызбіршілігінің арқасында Қаралда балуан атындағы заманауи спорттық кешен құрылысын бастау туралы бірауыздан шешім қабылданды. Егер тағы да демеушілер табылса, дзюдо мен самбо секцияларын ашамыз, - деп атап өтті Маңғыстау ауданының тұрғыны Дүйсенбек Сәдіғұлов.
Қазіргі таңда Маңғыстау ауданында 3 мыңнан астам жасөспірім спортпен шұғылданады.