Маңғыстаулық компания «Нұрлы жолға» бөлінген жарты миллиард теңгені жымқырған

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті «Нұрлы жол» бағдарламасына бөлінген 552 млн теңгені жымқырды деген күдікпен маңғыстаулық «ИПЦ-Альянс» компаниясы директорының орынбасары мен бас инженерін ұстады. Бұл туралы ҚазАқпарат агенттіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Маңғыстаулық компания «Нұрлы жолға» бөлінген жарты миллиард теңгені жымқырған

Күдіктілерге республикалық маңызы бар «Бейнеу - Ақжігіт - Өзбекстан Республикасының шекарасы» автожолын қайта жаңарту учаскесінде орындалған жұмыстардың жалған актілеріне қол қою арқылы 552 млн теңге бюджет қаражатын жымқырды деген айып тағылып отыр.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті «Қазавтожол» ұлттық компаниясының Маңғыстау облыстық филиалымен бірлесіп, «ИПЦ-Альянс» ЖШС директорының орынбасары және бас инженерінің бюджеттік қаражатты жымқыру фактісін анықтады. Қаржы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында бөлінген. Тергеу жалғасуда. Күдіктілердің кінәсін анықтайтын түпкілікті үкімді сот шығарады», - делінген баспасөз ақпаратында.