Маңғыстаулық мектептердің 90 пайызы видеокамерамен жарақталды
АКТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысында барлық мемлекеттік білім беру ұйымдарының 90 пайызы видеокамерамен жарақталды, олардың саны - 431, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Видеобақылау жүйелерімен қамтамасыз ету лаңкестік қатынасқа осал нысандарды лаңкестікке қарсы қорғау жүйесіне қойылатын талапқа (ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 3 сәуірдегі №191) сәйкес орындалады.
431-дің (244 мектепке дейінгі ұйым, 141 мектеп, 6 арнайы білім беру ұйымы, 14 қосымша білім беру орталықтары, 26 колледж) 400-і бейне бақылау камерасымен жарақталды. Камера қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында орнатылады. Барлық білім беру ұйымдары Бірыңғай кезекшілік диспетчерлік қызметке қосылған. Енді қалған мекептерге камера орнату жұмыстары жүргізілуде», - деді облыстың білім беру басқармасы тәрбие жұмысы бөлімінің инспекторы Оразкүл Байжанова.
Бұдан басқа, облыс мектептерінде қауіпсіздікті сақтау үшін тәжірибе ретінде Ақтау қаласының 5 мектебіне және қазақ-түрік лицейіне кіреберістік турникеттер орнатылды.