«Маңғыстаулық мұнайшылар мәмілеге келмей отыр» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. Наурыздың 12-сі. /ҚазАқпарат/ - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда наурыздың 12-сі, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі нөмірінде Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Өкімімен бірқатар тағайындаулар болғандығы жазылған. Атап айтқанда, Сәкен Әділханұлы Жасұзақов Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары - Штаб бастықтары комитетінің төрағасы қызметіне; Талғат Жеңісұлы Жанжүменов Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары қызметіне; Мұрат Жәлелұлы Майкеев Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы қызметіне; Мүсілім Мұхтарұлы Алтынбаев «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы қызметіне; Василий Несіпқазыұлы Рысбаев «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы қызметіне тағайындалды.
Кеше елордада Мемлекеттік хатшы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың қатысуымен Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияның екінші отырысы өтті. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінде «Саяси элита үлкен үміт күтеді» деген тақырыппен мақала жарық көрді. Жарияланымда ЕҚЫҰ алдында тұрған мәселелер күрделі әрі ұзақ мерзімді сипатқа ие, сол себепті Ұйымның жаңаша түрленіп, өзгеше жандануы үшін Қазақстан тарапынан үлкен жұмыстар атқарылуы тиіс екендігі айтыла келіп, «Бұл тұрғыда біздің серіктестеріміз Ұйымды бүгінгі күннің шындығына сәйкес бейімдейтін және қауіп-қатерлердің алдын алуға мүмкіндік беретін ЕҚЫҰ саммитін өткізу туралы Елбасы бастамасын көкейкесті әрі уақтылы қабылданған шешім ретіне бағалауда. Сол себепті аталған саммиттің өткізілуі Қазақстанның халықаралық сахнадағы беделін еселей түспек», деген Қ.Саудабаевтың сөзі келтірілген.
Осы кеңеске тоқталған «Айқын» газеті «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ЕҚЫҰ-ның кезекті саммитін Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында өткізу жоспарланған. Осы орайда бұл іс-шараның маңызы зор», деп жазады.
Сондай-ақ «Экспресс К», «Литер» басылымдарынан да Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияның екінші отырысына қатысты мақалалар легімен таныс бола аласыздар.
«Таллинн қаласында экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Эстония үкіметаралық комиссиясының бірінші отырысы өтті. Аталған комиссия 2009 жылғы 7 қыркүйекте Эстония Премьер-министрі Андрус Ансиптің Қазақстанға ресми сапары барысында қол қойылған келісімге сәйкес құрылған», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Басылымның хабарлауынша, комиссия отырысы барысында екіжақты әрекеттестік мәселелері, соның ішінде көлік және транзит, энергетика, ақпараттық технологиялар, туризм, ауыл шаруашылығы, білім беру, ғылыми зерттеулер, мәдениет, денсаулық сақтау секілді мәселелер талқыланған.
Осы басылымда жарық көрген Қорғанбек Аманжолдың «Ізденімпаздық пен ыждағат шоқантанудағы шоқтығы биік еңбекті дүниеге келтірді» атты мақаласына белгілі жазушы Жарылқап Бейсенбайұлының «Шоқан» атты деректі ғұмырнамалық хикаяты арқау болған. «Осы ретте бір жарым ғасыр бұрын ұлы ғалым арман еткен, азаттыққа жеткен жаңа заманның Шоқан хақындағы жаңа сөзін Жарылқап Бейсенбайұлы айтқан екен деген пайым-пікірге тоқтағанымыз да рас», дейді мақала авторы.
***
«Айқын» газетінің дәстүрлі «Ақ сөйле!» айдарының бүгінгі қонағы - Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің төрағасы Бауыржан Омаров. «Айтыс - бәсекеге қабілетті өнер» деген тақырыппен берілген екеуара әңгіменің толық нұсқасын басылымның жұма күнгі нөмірінен егжей-тегжейлі оқи аласыздар.
Наурыз айының басында басталған жаңаөзендік мұнайшылардың ереуілі басылмай тұрғанын жазған «Айқын» газетінің хабарлауынша, соңғы бірнеше күннен бері жұмысын тоқтатқан «ҚазМұнайгаз» Барлау- өндіруге қарасты «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалының 8 мыңдай жұмысшысының әрекетін Жаңаөзен қалалық соты заңсыз деп тапқанмен, ереуілшілердің тарайтын түрі көрінбейді. Мұнайшылардың наразылығы арқау болған мақала «Маңғыстаулық мұнайшылар мәмілеге келмей отыр» деген тақырыппен жарияланды.
Аталған жайт «Егемен Қазақстан» газетінің де назарынан тыс қалмаған. Оқиғаға орай басылым тілшісі компания басшысы Кенжебек Ыбырашовпен сұхбаттасқан. «Ереуілшілердің ойлағандары не?» деген тақырыппен берілген мақаладан мұнайшылар ереуіліне қатысты компания басшысының пікірін оқи аласыздар.
***
«Семей халқының тең жартысы осымен үшінші күн қатарынан қараңғыны қарманып отыр. Әсіресе, қаланың шығыс бөлігіндегі кейбір үйлер, соған қоса, Степной, Цементшілер кенті және Жаңа құрылыс аудандары жарықтан қағылды. Еш ескертусіз жасалған бұл шектеулер емдеу мекемелерінің жұмысына кедергі келтіріп, кесірін тигізді. Нақтырақ айтсақ, № 2 қалалық перзентханадағы үш сәбидің тағдыры қыл үстінде тұр. Олардың бірі тұншығып туса, екеуі айы-күні жетпей өмір есігін ашқан. Нәрестелердің өсіп-жетілуі үшін инкубатор аталатын құрылғы әрдайым токқа қосылып тұруы керек. Құрылғы ішіндегі температура 30-35 градустан төмен болмауы тиіс екен. Қазір арнайы режимнің сақталмауынан сәбилердің жағдайы күрт ауырлап кетті», деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Осы тақырып кеңінен тарқатыла жазылған мақала басылымның бүгінгі санында «Жас аналар майшам жарығымен босанып жатыр» деген тақырыппен басылған.
Кеше Алматыдағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтында «Қожа Ахмет Иасауидің мұрасы және қазіргі заманғы ислам» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Оған еліміздің аймақтарынан Қожа Ахмет Исауидің мұрасын зерттеп жүрген ғалымдар мен мәдени қайраткерлер жиналды. Алқалы жиын арқау болған мақала «Алаш айнасы» газетінде «Қазақ идеологиясының негізгі діңгегі - Иасауи мұрасы немесе мемлекет дамуының төрт қағидасы қандай?» деген тақырыппен берілді. «Қазақстанның ұлттық идеология мәселесі жайында әрқилы пікірлер айтылып жүр. Шетелдік, отандық сарапшылар, кейде тіпті өзіміздің зиялы қауым өкілдері де «Қазақстанда идеология жоқ» дегенді айтып қалады. Алайда идеологиясыз халық болмайды», деп жазады басылым. Егжей-тегжейлі жазылған мақаланы басылымның екінші бетінен оқи аласыздар.
«Жерар Депардье «осындай мықты актерларыңызбен нашар кино түсіруге қақыларыңыз жоқ» деп кетті», дейді «Алаш айнасы» газетінің тілшісіне берген сұхбатында белгілі актер Нұржұман Ықтымбаев. Танымал актермен арада өрбіген сұхбат бсылымның «Дат» айдарында берілген. Онда ол аталған француз актерімен киноға түсіп жатқандығын сөз етіп, еліміздегі кино саласына қатысты өзекті мәселелерді ортаға салған.
***
«Қарағандылық Екатерина Аидова Германияның Берлин қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы конькимен жүгіру спорты бойынша Әлем кубогында абсолютті жеңімпаз атанды», деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Халықаралық жарыстың төрт кезеңінде де қазақстандық спортшының мерейі үстем болған.