Маңғыстаулық оқушы тері ауруларын анықтайтын сайт жасады

АҚТАУ. ҚазАқпарат – Маңғыстаулық оқушы Аймұрат Жеткізгенов тері ауруларын анықтайтын сайт ойлап тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Маңғыстаулық оқушы тері ауруларын анықтайтын сайт жасады

Назарбаев зияткерлік мектебінде білім алып жүрген Аймұрат Жеткізгенов бұл сайтты ғылыми жоба аясында жасаған.

Кейін дәрігердің кеңесімен арнайы платформаға айналдыру ұсынысы түскен.

Портал арқылы бөртпенің қандай ауру екенін білуге болады. Ол үшін жараны суретке түсіріп, сайтқа енгізсе жеткілікті.

Ондағы арнайы бағдарламалық код 9 түрлі дертті анықтап бере алады.

Сайт «SkinSaver» деп аталады.

«Медицина мамандары қандай да бір дертті өзі анықтай алмаса, не күмәні болса осы сайтқа өзінің науқасындағы бөртіктің суретін енгізіп, осы сайт арқылы дертті нақтылап, анықтауға болады»,- деді Аймұрат Жеткізгенов.


Ал, оқушының жетекшісі, информатика пәні мұғалімі Ақмарал Алмабекова «SkinSaver» сайтын жасау арқылы дерматология саласындағы деректер базасын көбейткенін айтады.

Осылайша оқушы медицина қызметкерлері мен студенттерге көмек көрсеткісі келген.

Денедегі кез келген бөртпені фотосурет арқылы анықтауда оқушылар Python бағдарламалау тілін қолданған.