Маңғыстаулық шебер Болатбек Салаев: Мүсін өнері төзімділікке үйретеді
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысы Бейнеу ауданының тумасы, талантты мүсінші Болатбек Салаев шеберлікпен әдіптелген туындыларымен өз шығармашылығын шыңдай жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Елімізде мүсін жасау өнері өрістеп, ауыл, қала келбетіне көрік берген сәулет туындыларының саны артып келеді. Шеберлік пен төзімді, табанды еңбекті талап етететін өнер түрін кәсіп еткен мүсіншілер халық арасында зор құрметке ие. Солардың бірі- Болатбек Салаев.
Бүгінде Болатбек Салаевтің жасаған мүсіндері еліміздің түкпір-түкпірінде, атап айтсақ Астана, Алматы, Атырау, Орал, Қостанай, Өскемен, Тараз, Ақтау, Петропавл сынды қалаларда орналасқан. «Үш би», «Алпамыс батыр», «Абай», «Қадыр Мырза Әли», «Дина Нұрпейісова», «Қажымұқан» сынды жеке тұлғалардың мүсіндерімен қатар, парктік мүсіндер, композициялардың авторы.
Әсіресе Болатбектің «Анаға тағзым» ескерткіші халық арасында танымал. Ананың балаға деген махаббатын, халықтың анаға деген құрметін бейнелеген мүсін бүгінде Маңғыстау облысы Бейнеу ауданында, Тараз, Қызылорда қалаларында бой көтерген. Мүсіншінің туындылары шет мемлекеттерде де бар. Атап айтқанда, Татарстан мемлекетінде Болатбек қолынан шыққан «Тайқазан» мүсіні қойылған.
Болатбек Салаев 1991 жылы Маңғыстау облысы Бейнеу ауданында дүниеге келген. Өнерге жақын, шығармашыл жандардың тәрбиесін көріп өскен ол мүсіншілік жолды таңдап, Алматы қаласындағы көркемсурет училищесіне оқуға түседі. Білімін жетілдіру мақсатында Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде оқып, мүсін мамандығы бойынша магистр дәрежесін иеленеді.
Он саусағынан өнер тамған шебер әр туынды ерекше шығармашылық ізденісті қажет ететіндігін айтады. Бүгінде ол Астана қаласында олимпиада жеңімпазы, боксшы Бекзат Саттархановтың мүсінін сомдау үстінде.
Айта кетейік, Болатбек жақында ғана Ақтауда 15 шағын аудандағы теңіз жағалауында ашылған «Құдықшылар» архитектуралық мүсінін де жасаған.