Маңғыстаулық спортшы қыз Әлем чемпионатынан жүлделі оралды

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстаудың спорт тарихында тұңғыш рет әйелдер арасында жекпе-жектен әлем чемпионатынан жерлесіміз жүлделі оралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Маңғыстаулық спортшы қыз Әлем чемпионатынан жүлделі оралды

Зинаида Белоусова - «Жас батыр» спорт мектебінің түлегі. 5 жылдан бері жекпе-жекпен айналысып, ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жеткен. Сегіз рет республика чемпионатында жоғары нәтиже көрсетіп, 17 жасында Еуропа жүлдегері атанды.

Күні кеше Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өткен әлем чемпионатында жеңіс тұғырынан көріне білді. 37 мемлекет, 200 спортшы қатысқан байрақты бәсекеде Иран, Беларусь, Өзбекстан спортшыларымен белдесіп, 3-орынға табан тіреді. Осылайша, Қазақстан командалық есепте екінші орынға шықты.

Зинаида қазір Берлиндегі әлем кубогына қатысуға белсенді дайындалып жатыр. Айта кетейік, мұндай жетістікке жетуге «Жас батыр» мектебінің жаттықтырушыларының ерен еңбегі мен спорт жанашырларының қолдауы сеп болды.
null

«Өзбек қызы мықты болып шықты. Ал Беларусь қызын айқын басымдықпен жеңдім. Осылай 3-орын алдым. Жалпы, өзімнің жіберген қателіктерімді аңғарып, қазір сонымен жұмыс жасап жүрмін. Алда - Әлем кубогы. Болашақта спорттағы мансабымды жалғастырамын. Анама және қай жарыста болсын, қасымнан табылатын жаттықтырушыма рахмет айтамын»,-дейді Зинаида Белоусова.
null