Маңғыстаулық спортшылар қол күресінен әлем чемпионы атанды
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Маңғыстаулық 6 спортшы қол күресінен әлем чемпионы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алматы қаласында армрестлингтен ересектер, кадеттер, жасөспірімдер мен жастар, ардагерлер арасында 44-ші әлем чемпионаты және пара армрестлингтен 25-ші әлем чемпионаты өтті.
«Қазақстан құрамасында өнер көрсеткен маңғыстаулық спортшылар жасөспірімдер арасында және пара армрестлингтен жастар арасында сынға түсіп, 6 алтын, 6 күміс, 2 қола иеленді.
Атап айтқанда жасөспірімдер арасында 45 келіде оң қолдан Гаухар Жанғазы және 50 келіде Дәулет Абдулла Әлем чемпиондары атанды. Ал сол қолдан Дәулет Абдулла 2-орын иеленді. Сондай-ақ, әлем чемпионатына көру, есту және тірек-қимыл жүйесі зақымданған спортшылар қатысты. Жарыс ересектермен қатар жастар арасында өтіп, ел намысын 144 спортшы қорғады. Оның ішінде көру қабілеті зақымданған Берік Өтепберген, Дәурен Айшуақ, Алихан Дүйсенбай жастар арасында әлем чемпиондары атанды», деп мәлім етті Маңғыстау облыстық спорт басқармасының баспасөз қызметінен.
Жалпы әлем біріншілігіне 52 мемлекеттен 1000-нан астам спортшы қатысқан. Байрақты бәсеке 24 тамыз- 3 қыркүйек аралығында өтті.