Маңғыстаулық ұша алмай қалған аққуды құтқарып қалды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысының тұрғыны Құралбек Әбдікәрімов ұша алмай жүрген аққуды үйіне кіргізіп, бұдан кейін жергілікті инспекцияға хабар берген. Бұл туралы ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет Фейсбуктегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2018 жылғы 28 қаңтарда Маңғыстау облысы Ақшұқыр селосы бағытындағы Ақтау-Аэропорт тас жолы маңындағы жеке шаруашылықтың шопаны Құралбек Әбдікәрімов ұша алмай қалған аққуды тауып алып, үйінде ұстап отырғандығы туралы Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясына хабар берген. Инспекция қызметкерлері дереу көрсетілген мекенжайға барып, аққуға барлық көмек көрсетілді», - деп жазады Сәкен Ділдахмет.
Құралбек Әбдікәрімовтың айтуы бойынша, аққу үйдің маңына келіп, ұшпай жүрген.
«Аққуды үй маңындағы иттерден қорғау мақсатында үйге кіргізіп, нан беріп, сосын құзырлы органдарға хабарласқан. Инспекция қызметкерлері аққуды толық тексеріп шықты. Аққу жарақат алмаған. Біраз әлсірегені байқалды», - дейді Сәкен Ділдахмет.
Инспекция қызметкерлері аққуды Ақтау қаласы маңындағы «Қарақия-Қаракөл» қаумалындағы Қаракөл көліне жіберді. Бұл көлде қазіргі таңда 300-ге жуық аққу мекендейді.